KZ
Өскемен
-19°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
509.75 594.67 6.46

Былтыр елімізде 162 жаңа мектеп қолданысқа берілді

Бүгін, 11:30 25 Ержан Әбіш

2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 236 мыңға жуық оқушы орнына арналған 162 жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Оның 112-сі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған білім беру нысандары 27 үш ауысымды және 11 апатты мектеп мәселесін шешуге, сондай-ақ 160 мың оқушы орнының тапшылығын жоюға мүмкіндік берді. Бұл бағытта бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар есебінен жүйелі жұмыстар жүргізілді.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы ел тарихындағы ауқымды бастамалардың бірі саналады. Жоба аясында 206 мың оқушы орнына арналған жаңа форматтағы 112 мектеп іске қосылды. Оның 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Айта кетейік, 2024 жылы 254 мың оқушыға арналған 105 мектеп пайдалануға берілген болатын.

Қазіргі таңда білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 89 мың оқушы орнына арналған 81 мектеп салынды. Соның ішінде 2025 жылы 13 мың оқушыға арналған 18 мектеп пайдалануға берілді.

Сонымен қатар арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жалпы саны 8 білім беру нысаны, оның ішінде 5 мектеп, 2 балабақша және 1 жатақхана қаржыландырылды.

Бұдан бөлек, республикалық және жергілікті бюджеттер мен жеке инвестициялар тарту арқылы 16 мың оқушы орнына арналған 30 мектептің құрылысы жүргізілді.

Қолданыстағы білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасын тапты. Атап айтқанда реновация бағдарламасы аясында 209 мектеп жаңартылды; заманауи стандарттарға сай 1 мың ауыл мектебі жаңғыртылды; ауыл мектептері үшін 1196 заманауи пән кабинеті сатып алынды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу