KZ
Өскемен
-32°
туман Штиль
509.75 594.67 6.46

Қазақстанда геологиялық барлаудың жаңа кезеңі басталады: 240 млрд теңге бағытталады

Бүгін, 09:00 83 Базарова Айгүл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел аумағын қазіргі заманғы геологиялық барлау әдістерімен жан-жақты қамту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Қазақстан Үкіметі жер қойнауын зерттеудің жаңа кезеңіне көшеді. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар ауқымы айтарлықтай кеңеймек, деп хабарлайды Altainews.kz. 

Үкіметтің мәліметінше, өткен жылы 100 мың шаршы шақырым аумақта 1:50 000 масштабтағы геологиялық түсірілім жүргізуге арналған 20 жоба әзірленді. Кейінгі жылдары жыл сайын ең перспективалы 30 мың шаршы шақырым аумақ қамтылады. Бұл бұрын кеңес дәуірінде қолданылған 1:200 000 масштабпен салыстырғанда геологиялық деректердің дәлдігін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді.

Алдағы үш жылда аталған 20 жобаны жүзеге асыруға, сондай-ақ аз зерттелген шөгінді бассейндерде сейсмикалық барлау жүргізуге және заманауи геологиялық инфрақұрылым қалыптастыруға 240 млрд теңге немесе шамамен 500 млн АҚШ доллары бөлінбек.

Жалпы соңғы 15 жылда геологиялық зерттеулерге 469 млн доллар инвестицияланған.
Жобалар аясында Жерді қашықтан зондтау деректерін талдау, аэрогеофизикалық және геохимиялық зерттеулер, сондай-ақ далалық жұмыстар кешені жүргізіледі. Учаскелерді іріктеу кезінде пайдалы қазбалар қорының сарқылу деңгейі, жер қойнауын пайдаланушылардың аздығы және перспективалы минерал түрлерінің басымдығы ескерілген.

Нәтижесінде мыс, алтын, қорғасын, мырыш, сирек жер элементтері, барит пен боксит кен орындарын анықтауға әлеуеті жоғары аумақтар белгіленді. Сонымен қатар Солтүстік Торғай, Шу-Сарысу және Сырдария секілді аз зерттелген мұнай-газ бассейндерінде сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, зертханалық-талдамалық база жаңғыртылып, геологиялық деректерді цифрландыру көзделуде. Бұл қадамдар геологиялық болжамдардың дәлдігін арттырып қана қоймай, инвестициялық тәуекелдерді төмендетуге және пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге жеке инвестициялар тартуға негіз болмақ.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу