Қазақстан 2027 жылға қарай электр энергиясы тапшылығынан толық арылады
Қазақстан 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай электр энергиясы тапшылығы бар елдер қатарынан шығады. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов электр энергетикасы саласын дамыту және жаңа қуат көздерін генерациялау мәселелері бойынша жиын өткізді. Кеңеске Үкімет мүшелері, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Самұрық-Энерго» және KEGOC ұлттық компанияларының басшылығы қатысты.
Жиын барысында Энергетика министрлігі мен ұлттық энергетикалық компаниялардың Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттер аясында инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа қуат көздерін іске қосу бойынша атқарып жатқан жұмыстарының барысы қаралды. Қазіргі таңда жалпы инвестиция көлемі 13 трлн теңгеден асатын, жиынтық қуаты 15,3 ГВт болатын 81 жоба жүзеге асырылуда. Жобалардың едәуір бөлігі электр қуаты нарығының тетігі арқылы жеке инвестицияларды тарту есебінен іске асырылып жатыр.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов алдағы үш жылда маневрлі генерация сегментін іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл шаралар реттеу қуатының тапшылығын жабуға және Бірыңғай энергетикалық жүйенің икемділігін арттыруға бағытталған.
Жалпы алғанда, 2035 жылға дейін елімізде 26 ГВт-тан астам жаңа генерация қуаттары іске қосылады.
Премьер-министр Олжас Бектенов энергетикалық жобаларды іске асыру кезінде мерзімдердің кейінге шегерілуін сынға алды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы электр энергиясын тұтыну көлемі 124,6 млрд кВтсағатты құраған, ал өндіріс 123,1 млрд кВтсағатқа жеткен. Бір жыл ішінде белгіленген қуат 25,3 ГВт-тан 26,7 ГВт-қа дейін артқан. Электр энергиясы өндірісінің негізгі бөлігі көмір стансаларына тиесілі болып қала береді, сонымен қатар газ генерациясы мен жаңартылатын энергия көздерінің үлесі де өсіп келеді.
Соңғы екі жылда электр энергиясы нарығын ырықтандыру нәтижесінде стансаларды күрделі жөндеуге 902 млрд теңге тартылды. Бұл технологиялық бұзушылықтар санын 27 пайызға азайтуға және бірқатар жылу электр орталығын тәуекелі жоғары аймақтан шығаруға мүмкіндік берді. Тартылған қаражат толығымен генерация нысандарын жаңғырту мен жабдықтарды жаңалауға бағытталған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында таза көмір технологияларына негізделген көмір генерациясын дамыту мәселелері де қаралды. Қазіргі таңда Екібастұз ГРЭС-3, Курчатов қаласындағы жаңа электр стансасы, сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтарын салу және жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар KEGOC ұлттық компаниясы электр желілік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастыруда. 2027 жылға дейін елдің оңтүстік және батыс өңірлерін қамтитын жоғары кернеулі әуе электр желілерін салу жоспарланған. Ұлттық электр желісін жаңғырту және кеңейту жұмыстары 2035 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Фото: ҚР Үкіметі


