Көлеңкелі экономикамен күрес: деректерді талдаудың цифрлық платформасы құрылады
Үкіметте көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылды күшейту мәселесі қаралып, салалық жол карталарынан бірыңғай кешенді жоспарға көшу және деректерді жасанды интеллект арқылы талдайтын цифрлық платформа құру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкіметте вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл мәселесіне арналған жиын өтті.
Көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға бағытталған жүйелі жұмыс аясында өткен жылы жаңа тәсілдер енгізілді. Мемлекеттік органдардың даму жоспарларына тиісті KPI көрсеткіштері енгізіліп, көлеңкелі айналым қаупі жоғары сауда, құрылыс, көлік, денсаулық сақтау, білім беру және ауыл шаруашылығы салалары бойынша арнайы жол карталары әзірленіп, жүзеге асырылуда.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, салалық жол карталарын іске асыру алдын алу шараларының тиімділігін арттырды. Нәтижесінде айналымдарды заңдастыру бойынша оң өзгерістер байқалды. Атап айтқанда, ішкі саудада көлеңкелі айналым деңгейі 3,54 пайыздан 2,97 пайызға, білім беру саласында 1,52 пайыздан 1,1 пайызға, ал ауыл шаруашылығында 1,88 пайыздан 1,73 пайызға дейін төмендеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі 16,71 пайызға қысқарды. 2025 жылдың қорытындысы биылғы тамыз айында жарияланады.
Цифрландырудың қарқынды дамуы және цифрлық арналар арқылы жаңа көлеңкелі схемалардың пайда болуына байланысты салалық жол карталарынан көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың бірыңғай кешенді жоспарына көшу туралы шешім қабылданды. Осы мақсатта Smart Data Finance базасында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіретін, деректерді талдау мен өңдеуде жасанды интеллект құралдарын қолданатын цифрлық платформа құрылады.
Аталған платформа салық, кеден, еңбек және салалық жүйелер деректерін салыстыруға, «сұр» схемаларға бейім осал буындарды анықтауға және олардың экономика секторлары арасындағы қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасанды интеллект құралдары кешенді жоспардың орындалуын бақылау және нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу тиімділігін бағалау үшін пайдаланылады.
Кешенді жоспар мен цифрлық платформа Үкіметтің көлеңкелі операциялар аясын қысқартуға бағытталған жұмысының келесі кезеңі болмақ. Қазіргі таңда көлеңкеге бейім салаларды цифрландыру бойынша ауқымды шаралар іске асырылуда. Атап айтқанда, тауарлардың ұлттық каталогы, отандық өндірушілер тізілімі, тауарларды таңбалау мен қадағалау жүйесі енгізіліп, цифрлық теңге мен цифрлық ҚҚС қолданысқа енгізілуде, электрондық шот-фактуралар барлық салада пайдаланылады.
Сондай-ақ көлеңкелі айналымға бейім салалардың бірі саналатын сауда секторында қосымша шаралар қабылдануда. Нарық қызметін жаңғырту және ретке келтіру баға белгілеудің ашықтығын арттыруға бағытталған көтерме сатып алу стандартын енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.
Жиын қорытындысы бойынша вице-премьер мемлекеттік органдарға Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп, бір ай ішінде нақты цифрлық шешімдер мен ұсыныстарды қамтитын көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.