KZ
Өскемен
-15°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, СБ
509.94 593.88 6.43

Қазақстанның энергетикалық жүйесінде 26 гигаватт жаңа қуат көздері қосылады

28.10.2025, 10:30 183 Базарова Айгүл

Энергетика саласының дамуы, инфрақұрылымды жаңғырту және отын-энергетика кешенін цифрландыру мәселелері Үкімет отырысында қаралды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мемлекет басшысы қойған міндеттердің орындалу барысы туралы баяндады. Сондай-ақ, Өскемен мен Семейде түтін газдарын сүзудің озық жүйелері мен ауыр металдарды тұтып қалу технологиялары қолданылатын жылу электр орталықтарын салу жұмысын тездету тапсырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Олжас Бектенов электр энергетика саласы әлемдік экономикада маңызды рөл атқаратынын, сонымен қатар ірі тау-кен металлургия кәсіпорындарынан бастап шағын бизнеске дейін бүкіл өнеркәсіп саласының өсу қарқынына тікелей әсер ететіндігі еске салды.

«Сондықтан Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына өте ауқымды міндет қойып отыр. Яғни, 2035 жылға дейін жалпы қуаты 26 гигаватт болатын жаңа энергия көздерін іске қосуымыз керек. Ол үшін дәстүрлі генерациямен қатар, жаңартылатын қуат көздері және атом энергиясы сияқты баламалы энергетиканы дамыту бағытында да белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге қолданыстағы энергия көздері мен коммуналдық желілерді жаңғырту және кеңейту шаралары іске асырылуда», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Қазақстанның Батыс аймағын Бірыңғай энергетикалық жүйемен біріктіру және Оңтүстік аймақ желілерін күшейту жұмыстары қолға алынғанын атап өтті. Нәтижесінде еліміздің барлық өңірі энергиямен сенімді қамтамасыз етіледі.

 

«Аталған міндеттерді жүзеге асыру еліміздің барлық өңірін энергиямен сенімді түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрбір пайыз қосылған қуат көзі экономиканың өсуіне, жаңа инвестициялардың келуіне жол ашады», — деді Олжас Бектенов.

Осы бағыттағы жұмыстарды жеделдету міндеті KEGOC компаниясына жүктелді. Үкімет басшысы энергетика жүйесінің тұрақтылығы үшін жеткілікті маневрлік қуаттардың маңызына назар аударды.

«Ол үшін энергетика саласы қарқынды дамуы тиіс. Сондықтан біз атом энергетикасына баса мән беріп отырмыз. Жоспарланған барлық энергетикалық жобаларды уақтылы жүзеге асырып, жаңа технологиялық шешімдерді, соның ішінде энергияны жинақтау жүйелерін және гибридті электр станцияларын іске қосу қажет», — деп атап өтті Премьер-министр.

Бұдан бөлек Олжас Бектенов цифрландыру энергия тиімділігін арттырып қана қоймай, бүкіл саланың сенімді жұмысын қамтамасыз ететін негізгі тетікке айналуы тиіс екендігін баса айтты.

«Цифрландыру – энергия тиімділігін арттырып қана қоймайды, ол бүкіл саланың сенімді жұмысын қамтамасыз ететін негізгі құрал. Сондықтан цифрлық трансформациялау белгіленген мерзімдерге сай, мүдделі барлық мемлекеттік органдар мен құрылымдар арасында нақты үйлесімді түрде жүргізілуі тиіс. Біздің мақсатымыз – энергетикада және жалпы экономикада шынайы әрі сапалы өзгерістерге қол жеткізу», — деді Үкімет басшысы.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа қуат көздерін енгізу жұмыстарының барысын баяндады.

Министрдің айтуынша, елімізде бүгінде 237 электр стансасы бар, оның 79-ы дәстүрлі генерация көздері, ал 158-і жаңартылатын энергия көздері болып табылады.

«Министрлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, қуаттарды кеңейтуге және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған шараларды тұрақты негізде қабылдап келеді», — деді Ерлан Ақкенженов.

«Энергетика саласын 2035 жылға дейінгі дамыту жоспары» аясында жалпы 26 гигаватттан астам жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар қолданыстағы стансаларды жаңғырту және жаңа генерациялық нысандар салу арқылы жүзеге асырылады. Ал жоспар бойынша алдағы төрт жылда Қазақстан энергия тапшылығын жояды. Министр 2029 жылға дейін еліміздің энергетика жүйесінде жаңадан 6,7 ГВт қуат көздерін іске қосуға мүмкіндік беретін 68 жоба жүзеге асырылатынын атап өтті.

«Осылайша, 2029 жылы экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толық қамтимыз деп күтіп отырмыз, энергетика жүйесін профицитке шығару жоспарлануда, бұл еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға да мүмкіндік береді», — деді министр.

Оның айтуынша, 2025 жылы 621 МВт жаңа қуат көздері, 2027 жылы 1 500 МВт, ал 2028 жылы 2 000 МВт астам қуат іске қосылады.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, көмірден алынатын қуат көзін таза көмір технологиясы базасында дамыту жоспарлануда.

«Тікелей шарттар шеңберінде министрлік "Самұрық-Энерго" АҚ компаниясымен бірлесіп Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу жобаларын жүзеге асыруда, онда түтін газдарын сүзудің озық жүйелері, ауыр металдарды тұтып қалу технологиялары қолданылатын болады», — деді Ерлан Ақкенженов.

Сонымен қатар Екібастұз ГРЭС-3 (2 640 МВт) құрылысына инвестор айқындалған, ал Курчатов қаласында 700 МВт-тық жылу электр станциясын салу үшін тендер жариялануда.

Энергетика министрлігі отын-энергетика кешенін цифрландыру шеңберінде «EnergyTech» атты бірыңғай мемлекеттік басқару жүйесін енгізуді бастады.

«EnergyTech платформасы отын-энергетика кешенінің барлық саласын бір базаға біріктіреді. Ол энергетика секторы, кен пайдалану және қайта өңдеуден бастап көмір өнеркәсібіне дейінгі 10 негізгі бағыт бойынша басқару процестерін үйлестіруді қамтамасыз етеді. Жүйені толық көлемде жасап шығарып, өнеркәсіптік деңгейде қолданысқа енгізу 2026–2027 жылдарға жоспарлануда», — деді министр.

Биыл 7 цифрлық сервис іске қосылды, оның ішінде күзгі-қысқы кезеңге дайындықты және шекті тарифтерді бекітуге мониторинг жүргізетін сервистер бар.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, отын-энергетика кешеніне жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселесі пысықталуда.

«ТЭК саласына ЖИ енгізу жөніндегі акселерациялық топ құрылды, оның құрамына саланың жетекші компанияларының өкілдері кірді. Топтың негізгі міндеті – салалық қажеттіліктерді айқындау және ЖИ технологияларын енгізу бойынша пилоттық жобаларды жүзеге асыру бағытында күш-жігерді біріктіру», — деді Ерлан Ақкенженов.

Сонымен қатар ЖИ шешімдері бар ғаламдық вендорлар мен IT-компаниялардан тұратын AI-альянс құрылған. Astana Hub резиденттерімен салаға ЖИ шешімдерін енгізу және сынақтар өткізу туралы меморандумдарға қол қойылған.

Премьер-министр Олжас Бектенов атап өткендей, энергетика саласының тұрақты дамуы ел экономикасының барлық секторына серпін береді. Жаңғыртылған инфрақұрылым мен цифрлық шешімдер Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.




Айгүл Базарова

Фото: ҚР Үкіметі








Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу