Отандық өндірушілердің тауарларды теміржол арқылы тасымалдау шығындары өтеледі
Отандық өндірісті қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралар ауқымы кеңейтілуде. «Қазақстанда шығарылған өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерлетуге бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету қағидаларына» бірқатар өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, енді отандық кәсіпорындарға ел аумағында теміржол көлігі арқылы басым тауарларды тасымалдауға жұмсалған шығындардың 50 пайызына дейін өтемақы беріледі. Өтемақының ең жоғары мөлшері 10 мың айлық есептік көрсеткішті, яғни 43,25 млн теңгені құрайды. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ішкі теміржол тасымалдарына қатысты мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылмаған болатын.
Аталған бастама өндірушілердің көлік шығындарын азайтуға, қазақстандық өнімнің ішкі нарықтағы және бәсекелестік ортадағы тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ отандық қамтудың өсуін ынталандыруға бағытталған.
Сонымен қатар халықаралық өнімді сертификаттау шығындарын өтеу көлемі бес есе ұлғайды. Бұрын мемлекет бұл бағытта 3 000 АЕК-ке дейін өтемақы берсе, енді 15 000 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 65 млн теңге көлемінде өтемақы қарастырылған. Халықаралық сертификаттардың болуы қазақстандық компанияларға трансұлттық корпорациялардың тендерлік рәсімдеріне қатысуға және экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, «Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну қағидаларына» да өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, салық көрсеткіштері бойынша талаптар жеңілдетілді: енді жыл сайынғы салық түсімінің өсуіне қатысты талап жеті жылдан аз уақыт бұрын тіркелген кәсіпорындарға қолданылмайды (бұрын бұл шектеу үш жыл болатын). Бұл жаңа өндірістердің жобалық қуатқа шығу мерзімін ескере отырып, мемлекеттік қолдауға қолжетімділікті арттырады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қабылдаған бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – қазақстандық тауар өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдауды күшейту және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Айта кетейік, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы – кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерлетуге жұмсалған шығындарды өтеу бойынша оператор болып табылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша орталық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 1 млрд 436 млн теңгеден астам сомаға шығындарды өтеген. Жалпы алғанда, мемлекеттік қолдау шамамен 60 кәсіпорынға көрсетілді.
Мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толық ақпарат www.qazindustry.gov.kz ресми сайтында орналастырылған. Сонымен қатар, әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry кеңсесінде (Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы) Ашық есік күндері өткізіледі. Кеңес алу үшін +7 (7172) 79 33 99 (ішкі 444) телефоны арқылы хабарласуға болады.