Отандық тауар өндірушілердің тізімі іске қосылды: қатарда Өскемен арматура зауыты да бар
Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін іске қосу бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Бұл бастама отандық кәсіпорындарды қолдауға, нақты өндірісті дамытуға және ішкі нарықта ашық әрі әділ бәсекелестік қағидаттарын қалыптастыруға арналған маңызды құрал ретінде бағаланып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірыңғай тізілімге енгізілген кәсіпорындардың қатарында «Өскемен арматура зауыты» АҚ бар. Бұл – еліміздегі құбыр арматурасын өндіретін ірі әрі көп жылдық тәжірибесі бар кәсіпорындардың бірі.
Зауыт басшылығының айтуынша, Бірыңғай тізілім – жай ғана цифрлық дерекқор емес, өнеркәсіпке деген жаңа көзқарасты білдіреді. Ол ашықтыққа, әділдікке және нақты өндірісті қолдауға негізделген жүйе.
Кәсіпорын мамандары тізілімнің ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатқан кезеңде ерекше маңызға ие екенін атап өтеді. Себебі мұндай жобаларда қолданылатын өнімнің сапасы, сенімділігі және шығу тегі нақты әрі ашық түрде расталуы тиіс.
Бизнестің пікірінше, 2026 жылдан бастап Бірыңғай тізілімге толық көшу отандық өнімнің мәртебесін ашық растауға, адал өндірушілерді қорғауға және тең бәсекелестік орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Өскемен арматура зауыты» АҚ 50 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан аумағында нақты өндіріс жүргізіп келеді. Кәсіпорын мұнай-газ саласына, магистральдық құбыр желілеріне және энергетика секторына арналған құбыр арматурасын шығарады. Зауыт заманауи технологиялармен жабдықталған, білікті кадрлық әлеуетке ие және ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысу тәжірибесін жинақтаған.
Компания өкілдері Бірыңғай тізілімді іске қосу – мемлекеттің жүйелі әрі дәйекті жұмысының нәтижесі екенін айтады. Бұл бастама цифрландыруға, ашықтықты арттыруға және экономиканың нақты секторын қолдауға бағытталған жаңа өнеркәсіп саясатын қалыптастыруға жол ашады.
«Өскемен арматура зауыты» АҚ алдағы уақытта да өнеркәсіпті дамытуға, маңызды инфрақұрылым нысандарының сенімділігін арттыруға және отандық өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесін күшейтуге бағытталған мемлекеттік бастамаларға белсенді қатысуға дайын екенін білдірді.