KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, ОШ
507.05 594.82 6.51

Электронды еңбек биржасында жұмыс күшіне сұраныс ұсыныстан асып түсті

15.01.2026, 11:30 72 Ержан Әбіш

2025 жылғы желтоқсанда Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) жұмыс күшіне деген сұраныс ұсыныстан айтарлықтай асып түсті. Ай қорытындысы бойынша жұмыс берушілер 109,6 мың бос жұмыс орнын орналастырса, жұмыс іздеушілер тарапынан 71,5 мың түйіндеме жарияланған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қараша айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 8,4 пайызға немесе 8,5 мыңға артқан, ал түйіндемелер саны 29,4 пайызға, яғни 29,8 мыңға қысқарды. Нәтижесінде жыл соңында бос жұмыс орындарының саны түйіндемелерден шамамен 38 мыңға артық болды.

Сұраныс құрылымында әлеуметтік және базалық салалар бұрынғыдай жетекші орын алды. Ең көп бос жұмыс орны білім беру саласында тіркеліп, олардың саны 23,3 мыңды немесе жалпы көлемнің 21,3 пайызын құрады. Өзге қызмет түрлері бойынша 23,2 мың бос жұмыс орны (21,2 пайыз) ұсынылды. Сондай-ақ ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында да жоғары сұраныс сақталып, бұл бағытта 18,7 мың бос жұмыс орны жарияланды. Аталған үш сала желтоқсан айындағы барлық бос орындардың шамамен 60 пайызын қамтыды.

Сонымен қатар денсаулық сақтау және әлеуметтік салада 7,2 мың, өңдеуші өнеркәсіпте 6,2 мың, көтерме және бөлшек саудада 6,1 мың, құрылыс саласында 3,8 мың бос жұмыс орны тіркелді. Бұл жылдың соңында да жұмыс берушілердің экономиканың негізгі салалары үшін кадр іздеуді белсенді жалғастырғанын көрсетеді.

Жұмыс іздеушілер арасында әлеуметтік және кеңселік бағыттағы мамандықтар басым болды. Ең жиі жарияланған түйіндемелер бухгалтерлерге (1 463), медициналық мейірбикелерге (1 181) және заңгерлерге (1 132) тиесілі.

Гендерлік құрылым бойынша жұмыс іздеушілердің белсенділігі шамалас деңгейде қалыптасты: түйіндемелердің 52,1 пайызын әйелдер, 47,9 пайызын ер адамдар орналастырған. Әйелдер негізінен білім беру, денсаулық сақтау және бухгалтерия салаларында жұмыс іздесе, ер адамдар техникалық және басқарушылық бағыттарға көбірек қызығушылық танытқан.

Жас ерекшелігіне келсек, желтоқсанда түйіндемелердің негізгі бөлігі 35 жасқа дейінгі жастарға тиесілі болды. Бұл барлық жұмыс іздеушілердің 40,8 пайызын құрады, оның ішінде 24 жасқа дейінгі жастардың үлесі – 15,2 пайыз. Одан кейін 35-44 жас аралығындағы азаматтар (29,9 пайыз), 45-54 жас санаты (19,1 пайыз) және 55 жастан асқандар (10,2 пайыз) тіркелді.

Жалақы ұсыныстары бойынша ең жоғары көрсеткіштер өндіріс басшысы (шамамен 1,8 млн теңге), кеніш директоры (шамамен 1 млн теңге) және инженер-химик (шамамен 1 млн теңге) лауазымдарына қатысты байқалды. Ал жұмыс іздеушілер тарапынан ең жоғары жалақы күтімі агроном-энтомологтар (шамамен 3,4 млн теңге), стюардессалар (шамамен 3,3 млн теңге) және компьютерлік жабдықты монтаждаушылардың (шамамен 2,7 млн теңге) түйіндемелерінде көрсетілген.

Жалпы алғанда, 2025 жылғы желтоқсанда ЭЕБ-дегі еңбек нарығы бос жұмыс орындарының өсуін және жұмыс іздеушілер белсенділігінің айтарлықтай төмендеуін көрсетті. Бұл – жыл соңына тән маусымдық құбылыс. Жұмыс берушілер, әсіресе әлеуметтік салада, қызмет көрсету мен ауыл шаруашылығында кадр іздеуді жалғастырса, көптеген жұмыс іздеушілер жұмыс іздеуді жаңа жылдың басына қалдырған. Сарапшылардың пікірінше, 2026 жылдың алғашқы айларында еңбек нарығында анағұрлым теңгерімді ахуал қалыптасуы мүмкін.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу