Еліміз бойынша ауыр жүк көліктеріне қатысты шектеулер алынып тасталды
Қазақстанда 1 қаңтардан бастап, салмағы 12 тоннадан асатын өздігінен аударылатын (самосвал) және ауыр жүк көліктерінің жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарымен қозғалуына қойылған тыйым алынып тасталды. Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің күшіне енуіне және заңнамаға енгізілген ілеспе түзетулерге байланысты мүмкін болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еске салайық, бұған дейін 1 қаңтардан бастап рұқсат етілген ең жоғары массадан асатын жүк көліктерінің қозғалысына тыйым енгізу жоспарланған болатын. Бұл шектеу Қазақстан Республикасының «Автомобиль жолдары туралы» заңының 38-2-бабында көзделген еді.
Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасында бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Себебі, аталған шара бизнес қауымдастығының, әсіресе құрылыс, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы кәсіпкерлердің алаңдаушылығын тудырған болатын.
Алайда, Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің жобасы және «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында бұл нормалар қайта қаралды. Қабылданған түзетулер ауыр жүк көліктерінің қозғалысына қатысты тыйым салатын ережелерді алып тастады.
ШҚО бойынша Көліктік бақылау инспекциясының мәліметінше, қабылданған өзгерістерге сәйкес «Автомобиль жолдары туралы» заңның 23-2 және 38-2-баптары күшін жойды, ал тыйымды алып тастау ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.
Ал уәкілетті органдар рұқсат етілген осьтік жүктемелердің және көлік құралдарына қойылатын техникалық талаптардың сақталуына бақылау жалғасатынын атап өтті. Ауыр жүк көліктерінің иелері мен операторларына әкімшілік жауапкершіліктен сақтану үшін қолданыстағы нормаларды қатаң сақтау ұсынылады.