KZ
Өскемен
туман жел 1 м/с, СБ
505.17 599.54 6.59

Былтыр ШҚО-да 3,6 мың жас маман тұрақты жұмысқа орналасты

14.01.2026, 15:30 142 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысында 14 пен 35 жас аралығындағы 170 мыңнан астам жас тұрады, бұл – облыс халқының шамамен төрттен бірі. Былтыр өңірдегі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7% болды, бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Жастарды жұмыспен қамту – басым бағыттардың бірі. Өңірлік жұмыспен қамту жол картасы аясында 25 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, оның 10 мыңнан астамы жастарға арналды. 3,6 мың жас маман тұрақты жұмысқа орналасты. NEET санатындағы жастарға ерекше көңіл бөлініп, соңғы екі жылда олардың үлесі 4,9%-дан 4,3%-ға дейін төмендеді, – деді ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбеков Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Жастарға арналған инфрақұрылымдық жобалар да дамуда. Облыста 14 Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді, онда 124 маман қызмет атқарады. Былтыр Өскеменде кездесулер, оқыту және бастамаларға арналған заманауи алаң – Жастар комьюнити орталығы ашылды. Биыл осындай орталық Күршім ауданында ашылмақ. Сонымен қатар өңірде 15 коворкинг-орталық және 10-нан астам жастар ұйымы жұмыс істейді.

Жас мамандарды қолдау кадрлық саясат деңгейінде де күшейтілуде: осы жылдан бастап облыстық жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға, ал қала және аудан деңгейінде 30-50% аралығында кезең-кезеңімен арттырылатын болады.

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ШҚО колледждерінде жаңа мамандықтар ашылып, оларға 277 студент қабылданды. 5 мыңнан астам студент дуальды оқыту жүйесі бойынша білім алуда, ал 56 мамандық жұмыссыз жастар үшін қысқа мерзімді оқыту форматында қолжетімді.

Өңірде «Шығыс маманы» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламасы іске асуда. 2024-2025 жылдары бұл мақсатқа 1,5 млрд теңге бағытталып, жас мамандардың өңірде тұрақтап қалуына мүмкіндік берілуде.

Өткен жылы ШҚО жастары экологиялық және волонтерлік бастамаларға белсенді қатысты. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 191 іс-шара өткізіліп, 30 мыңға жуық жас қамтылды: мыңдаған аула тазартылып, 75 мыңнан астам ағаш егілді.

Өңір Қазақстан және шетел жастары үшін маңызды диалог алаңына айналды. Мұнда халықаралық және республикалық форумдар, слеттер мен жастар лагерьлері өтті. 300-ден астам іс-шара жастардың құқықтық, қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталды. Шығыс Қазақстан облысында жастар саясатын дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жұмыспен қамту, білім беру, баспана, азаматтық белсенділік және жастардың әлеуетін дамытуға басымдық бере отырып, жүйелі түрде жалғасатын болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу