Ұлттық геологиялық қызмет еліміздегі геодеректердің 83%-ын цифрландырды
Ұлттық геологиялық қызмет (ҰГҚ) Қазақстанның геологиялық саласын цифрландыру бағытындағы жүйелі және ауқымды жұмысын жалғастырып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қызметтің негізгі мақсаты – инвесторларға кешенді сервистік қолдау көрсету, сондай-ақ елдің минералды-шикізат базасын басқарудың тиімділігін арттыру. Бұл жұмыстар жер қойнауын пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етіп, саланың инвестициялық тартымдылығын күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде ҰГҚ қызметі үш негізгі бағытты қамтиды: геологиялық ақпаратты жинау, сақтау және цифрландыру. Қазіргі уақытта 3,8 миллионнан астам деректер бірлігі сандық форматқа көшірілді. Бұл соңғы 80 жыл ішінде жинақталған геологиялық деректердің жалпы көлемінің 83 пайызын құрайды. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдың соңына қарай цифрландыру деңгейін 97,5 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, ал 2026 жылы барлық геологиялық деректер толықтай цифрландырылмақ. Мұндай қадам геологиялық ақпараттың ұлттық цифрлық қоймасын қалыптастырып, деректерге онлайн режимінде жедел әрі ыңғайлы қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ұлттық геологиялық қызмет жүзеге асырып жатқан негізгі жобалардың бірі – жасанды интеллект технологияларына негізделген геологиялық деректерге арналған Big Data жүйесін құру. Бұл жүйе үлкен көлемдегі геологиялық ақпаратты интеллектуалды талдауға, тарихи деректерді жылдам өңдеуге және қайта қарауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасымен толық интеграцияланып, салалық деректердің өзара байланысын күшейтеді.
Сонымен қатар ҰГҚ Мемлекеттік жер қойнауы қорының Бірыңғай кадастрын цифрландыру жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Аталған кадастр қорлар, жасанды құрылымдар және жер қойнауын пайдалану мақсаттары туралы мәліметтерді бір жүйеге біріктіреді. Жоба 2026 жылы іске қосылады деп жоспарлануда және ол еліміздің минералды-шикізат базасының ашықтығын арттырып, басқару процесін жаңа деңгейге көтерудің берік негізіне айналады.
Бұдан бөлек, Ұлттық геологиялық қызмет Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасымен интеграцияланған сандық геологиялық карталарды әзірлеуді көздеп отыр. Бұл карталар сала қатысушыларына өзекті әрі жаңартылған ақпаратты уақтылы алуға мүмкіндік беріп, геологиялық деректердің қолжетімділігі мен сапасын арттырады.
Жалпы алғанда, Ұлттық геологиялық қызмет Қазақстанның геологиялық секторындағы цифрлық және институционалдық жаңғырудың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Қызмет жүргізіп жатқан жұмыстар жер қойнауын пайдалануда тиімді, ашық және заманауи инфрақұрылым қалыптастырып, инвестициялар мен инновацияларға қолайлы орта құруға бағытталған.