Сыртқы саясаттың 2026 жылғы басым міндеті – экономикалық дипломатияны дамыту
Сыртқы істер министрлігі 2025 жылды қорытындылап, алдағы кезеңге арналған негізгі басымдықтарды белгіледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сыртқы істер министрлігінде өткен салтанатты іс-шара барысында ведомство басшысы Ермек Көшербаев министрліктің 2025 жылғы қызметінің негізгі нәтижелеріне тоқталып, 2026 жылға арналған жоспарларды таныстырды.
Министрдің айтуынша, 2025 жыл Қазақстанның сыртқы саясаты үшін стратегиялық серіктестіктерді нығайту, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, халықаралық қауіпсіздікті арттыру және ұлттық мүдделерді ілгерілету бағытында белсенді әрі нәтижелі кезең болды. Ведомство жұмысы егемендік пен қауіпсіздікті күшейтуге, шетелде жүрген Қазақстан азаматтарын қорғауға, сондай-ақ көпжақты форматтар аясындағы сындарлы ынтымақтастықты дамытуға бағытталды.
Ермек Көшербаев 2026 жылға арналған сыртқы саясаттың басым міндеттерін де атап өтті. Олардың қатарында экономикалық дипломатияны дамыту, халықаралық әріптестікті кеңейту, ведомствоаралық үйлестіруді күшейту және Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларын халықаралық деңгейде ілгерілету бар.