Қандастарды қабылдаудың 2026 жылға арналған өңірлік квотасы бекітілді
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен 2026 жылы Шығыс Қазақстан облысына қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы бекітілді. Жалпы өңірге қандастар үшін 200, қоныс аударушылар үшін 600 адам орналастырылмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұйрықтың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасында қандастар мен қоныс аударушыларды оңтайлы орналастыру, өңірдің демографиялық тепе-теңдігін сақтау және әлеуметтік қолдау шараларын қамтамасыз ету.
Қандастар мен қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан келесі қолдау көрсетіледі:
• Көшуге арналған біржолғы субсидия – отбасының әр мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде төлем;
• Тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу субсидиясы – 12 ай ішінде бір отбасыға 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленеді;
• Жұмыс берушілерге қоныс аударуға жәрдемдесу субсидиясы – 400 АЕК;
• Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама беру;
• Жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға көмек көрсету;
• Тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.
Бұл шаралар қандастар мен қоныс аударушылардың жаңа өңірге бейімделуін жеңілдетіп, олардың тұрақты өмір сүруі мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған.
2026 жылғы өңірлік квота Қазақстан бойынша жалпы 8 278 адамды қамтиды. ШҚО-ға арналған бөлік өңірдің экономикалық және әлеуметтік даму ерекшеліктері ескеріле отырып анықталған.
Мемлекеттік қолдау бағдарламалары жаңа келген адамдардың жұмысқа орналасуы, кәсіптік дағдыларын жетілдіруі және тұрғын үй мәселелерін шешуіне мүмкіндік береді, бұл Шығыс Қазақстандағы демографиялық және еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға септігін тигізеді.