KZ
Өскемен
-22°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
508.91 594.36 6.33

Мемлекет басшысы: «Қазақстан цифрлық державаға айналуға тиіс»

5.01.2026, 15:30 102 Төлеуғазы Жансая

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды Қазақстанның ұзақмерзімді дамуы үшін шешуші фактор ретінде атап өтті. Қазіргі технологиялық үдерістерге ілесу – елдің өркениетті мемлекет ретінде бәсекеге қабілетті болып қалуының басты шарты. Мемлекет басшысы Қазақстан алдағы үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналуға тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Президент халықтың жаңа технологияларды қабылдауға дайын екеніне сенім білдіріп, жасанды интеллект саласындағы жаһандық бәсекеге де назар аударды. Бүгінде бұл бағыттағы көшбасшылық үшін күрес әлемдік тәртіптің жаңа қағидаларын қалыптастырып отыр. Әсіресе, АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық текетірес айқын байқалады. Қытайда жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін шамамен бес мың компания бар, ал өзге дамыған елдер де бұл бағытты қарқынды түрде дамытып келеді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан да бұл үдерістен шет қалмай, жасанды интеллектіні экономика мен қоғамдық өмірге енгізуге басымдық беріп отыр.

«Қазақстан да экономика мен қоғам­дық өмірге жасанды интеллектіні енгі­зу­ге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұмысқа қатысты бастапқы мүм­кін­діктері жаман емес. ІТ-стартаптарды қол­дай­тын толыққанды экожүйе тиімді жұмыс іс­теп тұр. Екі мың компанияның басын қос­қан Astana Hub инновациялық клас­тері де бар. 2025 жылы ІТ-қызметтердің жалпы экспорты бір миллиард долларға жуықтады»», – деп мәлімдеді Президент Turkistan газетіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар елде CryptoCity атты цифрлық активтерге арналған пилоттық аймақ құрылып жатыр. Ал Alatau City қаласы жаңа технологияларға негізделген заманауи орталық ретінде дамытылады. Мемлекеттік деректерді жинау мен талдау жұмыстары да жеделдетілген. Президент бұл ақпараттарды «жаңа дәуірдің алтыны» деп атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр мамыр айында Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес өз жұмысын бастағанын еске салды. Кеңес құрамына шетелдік және отандық беделді сарапшылар енген. Ал қараша айында «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылып, ол жақын арада күшіне енеді. Бұл құжат – Қазақстанда жасанды интеллектіні қолдану мен реттеуге арналған алғашқы құқықтық негіз.

Сонымен қатар Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, салаға тікелей мемлекеттік бақылау енгізілді.

«Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды, Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал компаниясы­мен бірлесіп, дербес платформа құрды. Кәсіби кадрларды даярлау үшін мек­тептер мен университеттерде тиісті бі­лім беру бағдарламалары жүзеге асы­ры­лып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында бі­лім алды. Көп ұзамай Жасанды интел­лект мамандандырылған зерттеу уни­вер­ситеті ашылады», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, жасанды интеллекті уақытында игерген елдер мен дәстүрлі жүйеде қалып қойған мемлекеттердің арасы күн санап алшақтап келеді. Осыған байланысты Қазақстан үшін бұл бағыттағы дамуды кешеуілдетуге болмайды.

«Мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні еліміздің даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл бұл салада өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша, Қазақстан тек цифрлық технологияларды тұтынушы емес, оларды өндіретін әрі экспорттайтын мемлекетке айналуды мақсат етіп отыр.

Еске салайық, Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрлық даму және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу