KZ
Өскемен
-12°
туман Штиль
501.02 597.27 6.59

Digital Bridge 2025: Үш жылда Қазақстан толық цифрлық мемлекетке айналады

2.10.2025, 12:00 274 Арайлым Орсаринова

Астанада Digital Bridge 2025 халықаралық технологиялық форумы өз жұмысын бастады. Бұл — Қазақстанның цифрлық болашағын айқындайтын ең ауқымды әрі беделді алаң. Жаһандық ІТ индустриясының көшбасшылары, стартаптар, инвесторлар мен сарапшылар жаңа технологиялардың  даму бағытын бірлесе талқылау үшін бас қосты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Форумның ашылуында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, жасанды интеллект дәуірінің басталғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл технологияның бүгінде саясатқа, экономикаға, миллиардтаған адамдардың күнделікті өміріне де ықпалы зор.

Сарапшылардың бағалауынша, соңғы жылдары жасанды интеллект саласына 1 триллион доллардан астам инвестиция тартылған. Ал оның әлемдік экономикаға қосар үлесі алдағы онжылдықта 7 триллион долларға дейін жетуі мүмкін.

- Мен биыл халыққа Жолдауымды цифрландыру және жасанды интеллект мәселесіне арнадым. Біз алдымызға нақты мақсат қойдық: Қазақстан үш жыл ішінде нағыз цифрлық ел болуы керек. Бұл – өте ауқымды міндет. Сондықтан біз қазір еліміздің біртұтас цифрлық экожүйесін құру ісімен белсенді түрде айналысып жатырмыз, - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жасанды интеллекттің бейбіт мақсатта ғана қолданылуы қажет екенін қатаң ескертті. Оның сөзінше, бұл технология әскери мақсатта немесе кибершабуыл құралы ретінде пайдаланылмауы тиіс. Бұл – Қазақстанның халықаралық жауапкершілік пен адамзат игілігін алдыңғы орынға қоятынының айқын көрінісі.

Президент форум атауын заман талабына сай өзгерту туралы ұсыныс білдірді. Ол келесі жылдан бастап Digital Bridge орнына AI Bridge атауын пайдалануды ұсынды. Бұл жаңа атау форумның мазмұны мен бағытын нақты сипаттайды. Алайда, Президенттің айтуынша, атау өзгергенімен, форумның миссиясы сол қалпында қалады, яғни, технологияны, ғылымды, бизнесті және қоғамды тоғыстыратын бірегей көпір болып қала береді.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы жасанды интеллекттің тек техникалық сала мамандарына ғана емес, философтар, әлеуметтанушылар, заңгерлер мен гуманитарлық бағыттағы ғалымдарға да ортақ екенін атап өтті. Себебі бұл технология адам өмірінің мәніне, құндылықтарға, таңдау еркіндігі мен әділет ұғымына әсер етеді. Сол себепті Президент технологияның әлеуметтік теңсіздікті тереңдетпеуі, адамның мінез-құлқы мен еркіндігіне нұқсан келтірмеуі керектігін алға тартты.

Форумға әлемдік технология саласының танымал өкілдері де арнайы шақырылды. Олардың қатарында Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров, жасанды интеллект сарапшысы Ли Кай Фу, Google сарапшысы Питер Норвиг, G42 International компаниясының жетекшісі Мансур Ибрагим Әл Мансури және Стэнфорд университетінің профессоры Илья Стербулаев сынды тұлғалар бар.

Президент өз сөзінде Жасанды интеллект туралы заңның қабылдануы мен Цифрлық кодекстің әзірленуі елдің тұрақты әрі әділетті цифрлық экожүйесін құру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Форум аясында түрлі панельдік сессиялар өтіп жатыр. Онда сарапшылар мен сала мамандары жасанды интеллект, стартап экожүйесі, білім беру, технологиялық қауіпсіздік және цифрлық теңдік сынды өзекті мәселелерді талқылауда. Осындай пікір алмасу алаңдары жаңа идеялар мен серіктестіктердің қалыптасуына жол ашады.

Digital Bridge 2025 — бұл тек форум емес, Қазақстанның цифрлық дәуірге жасаған сенімді қадамы. Ал AI Bridge идеясы еліміздің жасанды интеллект бағытындағы жаһандық диалогтың толыққанды қатысушысына айналуын білдіреді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу