Қайым Мұхамедханов – Алаштың соңғы тұяғы
Алаш рухын арқалап, Абай аманатын қорғап, ақиқат үшін азапты тағдырды таңдай білген Қайым Мұхамедханов — ұлттың ар-намысы еді. Бүгін Алаштың соңғы тұяғы, абайтану мен алаштану ғылымының темірқазығы болған ғалымның туғанына 110 жыл толды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Қайым Мұхамедханов – Абаймен тыныстап, Абай деп өмір сүрген, хакімнің шығармаларын зерттеуге бар ғұмырын сарп еткен, тар жол тайғақ кешіп, ұлттық рухын жоғалтпаған қайсар жан.
Атақты түркітанушы Лев Гумилев: «Қарағанды лагерінде бірге болғандар қажымауды, батыл, қайратты, әділ, табанды болуды Қайым Мұхамедхановтан үйренді», деп жазыпты. Намысын жерге таптатпай, қашанда арын басқасынан биік қоятын ғалым үшін «ләппай, тақсыр» деп бас изеу табиғатына жат қылық еді. Карлагтың азабына мұқалмады, болаттай берік болды. Қайсар мінезі шындала түсті.
Жиырма жеті жасында-ақ кеңестік Қазақ елінің тұңғыш әнұранын жазды. Заманымыздың заңғар жазушысы, ұстазы Мұхтар Әуезовпен бірге тұңғыш рет абайтану ғылымының негізін қалады.
Ол – Алаш идеясын ту етіп, өз халқының бақыты жолында басын бәйгеге тіккен азамат.
1951 жылы «Абайдың әдеби мектебі» атты диссертациясын қорғап шықты. Алайда бұл еңбегі сол кездегі билікке жақпай, «халық жауы» ретінде 25 жылға сотталып кетті.
Белгілі алаштанушы, Қайымның шәкірті Тұрсын Жұртбай ұстазының азап мекенінде болған кездегі халін былай баяндайды:
«Ыстық камера, суық камера дегенді басынан өткерді. «Ұлтшылдық пікіріңнен қайтасың ба?» дейді. «Жоқ» деп жауап қатып, Қайым олардың алдында тізе бүкпеді. Бір сөзбен айтқанда, Кеңес үкіметінің жазалау құралдары Қайымды сындыра алмады».
Иә, Карлаг лагеріндегі бес жылда неше түрлі сұмдық азаптаулардан өтті. Бірақ соған қарамастан «Абай мектебі бар және қала бермек» деген ойынан қайтпады. Қайым Мұхамедханұлы талай-талай тар жол тайғақ кешуді басынан өткерді. Темір торлы түрменің ызғары мен сатқындықтың салқыны жанын жараласа да, жүрек әмірі ақиқаттың ақ жолынан тайдыра алмады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп әрдайым жүрегі шындыққа, әділдікке жақын жан адам болып өмірге келгеннен соң адам болып кетуді басты парызы санаған.
Филология ғылымының докторы, профессор Арап Еспенбетов өзінің сүйікті ұстазы Қайым жайлы былайша еске алады:
«Ең алдымен биік алаштық рухы болған, алашын, қазағын сүйген, сол үшін сотталған, қуғын көрген бірегей тұлға. Көп қиындық көрсе де, алған бетінен қайтпады, «Мұхтар Әуезовтің жетекшілігінен бас тарт» деген кезде, «жоқ» деп жауап беріп, ұстазына адалдығын танытты».
Осы ретте Мұхамедханов жолдастың адалдығына тәнті болған Қалтай Мұхамеджановтың:
«Мұхтар Әуезовті сатпаған бір адам болса, ол – Қайым, екі адам болса, бірі – Қайым» дегені сөзіміздің дәлелі болар.
Иә, Қайым Карлагтың шылбырынан босап шыққаннан кейін де қиындықты көп көрді. Аяғынан шалды, еңбектері жарияланбай жатты.
Шын болаттай қайнауда шыныққан қайсар жан алған бетінен қайтпай, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сынды алаш арыстарының өмірбаяндарын жазып, алғаш жұртқа жариялаған еді. Арыстар жайлы құнды еңбектерін сырт көзден таса ұстап, үйіндегі кілемнің астына сақтап қойған еді. Әдебиетке құмар шәкірттерін шаңырағына әкеліп, сол құпия жерден алаштықтардың өмірі, еңбектері жайлы мағлұматтарды шығарып, ақпар берген еді. Сол шәкірттері Семейде отырып, ұстазының арқасында елдегі мүйізі қарағайдай ғалымдардан артық білді десек, әсірелеп отырғанымыз жоқ.
1988 жылы Шәкәрім қажы ақталғаннан кейін «Қазақ әдебиеті» газетінде ең алғашқы ақын жайлы көлемді мақаланы Қайым Мұхамедханұлы жазғаны елдің есінде болар.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қайым ақсақал алаш көсемдері туралы, «Абайдың ақын шәкірттері» және «Абай мұрагерлері» туралы құнды еңбектер жазып, жарыққа шығарды. Келешек ұрпаққа өлмес мұра қалдырды.
Шәкірттері оны ұстаздардың ұстазы деп еске алады. 4-ші курста оқып жүргенде студенттердің сұрауымен сабақ бере бастаған. Алматыдан Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Смайылов сынды ғалымдарды шақырып, олар жас әдебиетшілерге дәріс оқып, терең ғылыми көзқарастағы адамдар мен студенттерді қауыштыруды өзіне міндет еткен болатын.
«Қайым ұстазым лекцияны әдемі оқитын. Жазып алайын десең, үлгере алмай қаласың. Жазбайын десең, тыңдау – бір ғажап, не істерімізді білмей қалатынбыз. Жоғары курстың студенттері бізге «қолдарыңнан келгенше жазып алыңдар, өйткені бұл кісінің бір оқыған дәрісі екінші рет қайталанбайды» деп ақылдарын айтты. Бір күні сол кездегі Семей педагогикалық институтына министрліктен үлкен комиссия келді. Сонда бір кісі Мұхамедханов жолдасқа ескерту жасап: «Сіздің лекцияңыз жақсы екен. Ғылыми өресінің кеңдігі еш талас туғызбайды. Алайда жалпы аудиторияға ұғынықсыз екен. Студенттердің білім деңгейін дәріс оқығанда ескермейді екенсіз», – депті. Сонда Қайым Мұхамедханұлы:
Абайдың інісі, алаштың ірісі болған Қайым Мұхамедхановқа шәкірттері еліктегендерін айтады. Қайымша сөз сөйлеп, Қайымша лекция оқитындарын да жасырмады. Қазақ «Жақсыдан үйрен» дейді.
Семей педагогикалық институтында ұзақ жыл қызмет еткен ол кешегі кеңес заманында осындағы қазақ тілі мен әдебиет факультеті оспадарлық саясатпен жабылғалы жатқан шақта облыс басшыларының бірі, әдебиет пен мәдениеттің шын жанашыры бола білген Екейбай Қашағанов сынды азаматпен тізе қоса отырып сақтап қалғаны да ел есінде.
Қайым – қайтпас қайсар тұлға. Адалдық үшін басын бәйгеге тігіп, шындық үшін шыбын жанын құрбан етуге даяр, ғылым төңірегіндегі өтірікке, әделетсіздікке қаны қас еді.
Профессор Тұрсын Жұртбай ұстазы жайлы: «Алаш идеясы үшін, адалдық үшін, адамгершілік үшін күрестім деп отыратын», – дей келе тағы бір мәрте рухы биік жан екенін тілге тиек етті.
«Ерікті ел болдық, жарқырап атты таң», – деп 27 жасында-ақ кеңестік Қазақ елінің тұңғыш әнұранын жазған Қайым Мұхамедханов – азаттық пен еркіндікті аңсап, сол жолда табанды күрескен Алаш идеясының рухани-жауынгерлік символы. 1952 жылы азап мекені – Карлагта:
«Туған ел – алтын бесік, ұшқан ұям,
Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям?
Тарта гөр, Семейімнің топырағы,
Төстіктей жеріне мен еркін сыям», – деп Алаштың рухани астанасын, туған жерін ерекше құрмет тұтты.
Бүгінде Алаштың соңғы тұяғы Қайым Мұхамедхановтың есімін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында Семейдің бір көшесіне аты берілді, Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжде ғалым атындағы кабинет жұмыс істейді.
2022 жылдың күзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семейге келген сапарында Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішін ашты.
Президент ғалымға ерекше құрметін білдіре келе:
Абайын ардақтаған ел Қайымын да қастерлей білді.