KZ
Өскемен
-32°
туман Штиль
512.16 594.72 6.57

Үкіметте 2026 жылғы жалпы ішкі өнімнің өсімі талқыланды

30.12.2025, 10:00 123 Ержан Әбіш

Үкімет отырысында вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен 2026 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсу параметрлері талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдағы жылы экономикалық өсімге өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және қоймалау, сауда, сондай-ақ өнімдер мен сусындар өндірісі негізгі үлес қосады деп күтілуде.

Өңдеу өнеркәсібінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 6% деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Ал 2026 жылы Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары аясында бұл көрсеткіш 6,2% деңгейінде болады деп жоспарланған.

Өңдеу саласының негізгі драйвері саналатын металлургияда өндіріс көлемі 2026 жылы 3%-ға өседі. Бұл өсім Kyzyl Aray Copper, Ekibastuz Ferro Alloys, Kazferro Limited, Shagala Mining және өзге де кәсіпорындардың жобалық қуатының артуымен байланысты. Қара металлургияда ферроқорытпа, болат, жалпақ илек және шойын өндірісін, ал түсті металлургияда алтын, мыс, алюминий және мырыш өндіру көлемін ұлғайту көзделіп отыр.

Машина жасау саласында 2026 жылға арналған жоспарлы өсім 13,4% деңгейінде белгіленді. Бұл көрсеткішке «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС мен «KIA Qazaqstan» ЖШС кәсіпорындарында жеңіл автокөлік өндірісін 17%-ға арттыру арқылы қол жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын шығару көлемі 5%-ға өседі.

2025 жылдың қорытындысында елімізде 436,5 мың бірлік тұрмыстық техника өндірілмек. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Теледидар, кір жуғыш машина, плита пеш және өзге де тұрмыстық техникалар «SILK ROAD ELECTRONICS» ЖШС, «Алматы тұрмыстық техника зауыты» ЖШС және «DS Multimedia CA» ЖШС кәсіпорындарында шығарылады. 2026 жылы тұрмыстық техника өндірісін тағы 1,5 есеге арттыру жоспарланған.
Химия өнеркәсібінде 2026 жылы өндіріс көлемінің өсімі 7% деңгейінде болады деп күтіледі. Бұл күкірт қышқылы, натрий цианиді, сутегі асқын тотығы және сұйық шыны өндірісіне жаңа қуаттарды енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.

Құрылыс материалдарын өндіру саласында 2025 жылы отандық өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесі 70%-ға жетті. 2026 жылы бұл секторда нақты көлем индексі 6%-ға өсуі мүмкін. Портландцемент, керамикалық тақтайша, темірбетон және тауарлық бетон өндірісі негізгі өсім факторына айналады. Сондай-ақ Шымкент қаласында керамикалық тақтайша және цемент шығаратын жаңа зауыттардың іске қосылуы резерв ретінде қарастырылып отыр.

Сауда саласында 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы номиналдық мәнде 108,9%-ға жетіп, шамамен 80,3 трлн теңгені құрайды. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 106,5% өсіммен 92,4 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деп болжануда.

Өсім мұнай және мұнай өнімдерін өндіру көлемін сақтау, азық-түлік пен азық-түлік емес тауарларды қайта өңдеудің ауқымды бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ Қытай бағытын қоса алғанда, көтерме экспорттық саудаға бағытталған төрт ірі B2B алаңының толық іске қосылуы есебінен қамтамасыз етіледі.

Ауыл шаруашылығында 2026 жылы азық-түлік және сусындар өндірісінде жоғары өсім күтіледі. Аталған көрсеткіштер тиісінше 109% және 109,3% деңгейінде болмақ.

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер орталық мемлекеттік органдарға өнеркәсіптік өсімнің жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізу, негізгі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, сауда және көлік салаларында тұрақты өсу қарқынын қамтамасыз ету үшін салаларды дамытудың жол картасын әзірлеп, ұсынуды тапсырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу