Асқазан обыры неліктен қауіпті және оны қалай ерте тануға болады?
Асқазан обыры – онкологиялық аурулардың ішінде жиі кездесетін сырқаттың түрі. Өкінішке орай алғашқы белгілері кеш білініп жататындықтан бұл дерттің салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші де бүгінде жоғары, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты ақпаратына сай, 2024 жылғы мәліметтер бойынша елімізде асқазан обырының 2 927 жаңа жағдайы тіркелген. Ал пациенттердің 67% -ы ер адамдар.
Өкінішке орай, Қазақстанда апта сайын асқазан обыры диагнозымен 55 адам анықталады. Мамандардың айтуынша, бұл ауру көбіне егде жаста анықталғанымен, соңғы жылдары асқазан обырының «жасаруы» байқалып отыр. Аурушаңдықтың біртіндеп өсуі 40 жастан кейін басталады, ал 30–45 жас аралығы қауіп арта бастайтын кезең ретінде қарастырылады. Негізгі үлес 55–74 жас аралығындағы азаматтарға тиесілі. Өлім-жітім құрылымында асқазан обыры өкпеден кейін екінші орында тұр.
Асқазан обырының дамуына көбіне бір ғана емес, бірнеше қауіп факторы қатар әсер етеді. Ең кең таралған себептердің бірі – Helicobacter pylori бактериялық жұқпасы. Бұл инфекция асқазанның шырышты қабығында ұзақ уақыт қабыну процесін тудырып, уақыт өте келе жасушалардың өзгеруіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар созылмалы гастрит, асқазанның ойық жара ауруы, темекі шегу, алкогольді шамадан тыс пайдалану, тұзды, ысталған және маринадталған тағамдарды жиі тұтыну да қатерлі ісік қаупін арттырады. Бұған қоса көкөністер мен жемістердің жеткіліксіздігі, витаминдер тапшылығы және тұқым қуалаушылық фактор да маңызды рөл атқарады.
Бұл қауіп факторлары асқазан қабырғасында ұзаққа созылған қабынуды сақтап, жасушалардың қалыпты құрылымын бұзуы мүмкін. Нәтижесінде қатерсіз өзгерістер біртіндеп қатерлі ісікке айналады. Асқазан обырының ең қауіпті тұсы – аурудың бастапқы кезеңінде айқын белгілердің болмауы. Сондықтан көп жағдайда дерт кеш сатысында анықталады.
Ерте кезеңде пайда болатын белгілер көпшілікке таныс қарапайым асқазан жайсыздығына ұқсайды. Адам іштің жоғарғы бөлігіндегі жайсыздықты, тамақтан кейінгі ауырлықты сезінуі мүмкін. Кейбіреулер тез тоюға, себепсіз жүрек айнуға, тәбеттің төмендеуіне шағымданады. Қыжыл, кекіру, асқазанның кебуі де ерте белгілердің қатарында. Сонымен қатар анемия дамып, әлсіздік, бозару, бас айналу байқалуы мүмкін. Көп жағдайда адамдар бұл белгілерге мән бермей, дәрігерге кеш жүгінеді.
Ауру асқынған кезде белгілер айқын әрі ауыр сипат ала бастайды. Қан аралас құсу, қара түсті нәжіс, айқын салмақ жоғалту, тұрақты және қатты ауырсыну, жалпы әлсіздік пен тез шаршау – асқазан обырының кеш сатысына тән көріністер. Мұндай жағдайда емдеу күрделеніп, толық сауығу мүмкіндігі төмендейді.
Асқазан обырын ерте анықтаудың ең тиімді әрі сенімді әдісі – гастроскопия (ФГДС). Бұл зерттеу небәрі 5–7 минутқа созылады және асқазанның ішкі қабатын тікелей көруге мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда биопсия алынып, тіндердің қатерлі немесе қатерсіз екені анықталады. Қосымша тексерулер ретінде ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік томография, сондай-ақ Helicobacter pylori инфекциясына арнайы сынамалар жүргізіледі.
Қазіргі медицинада асқазан обырын емдеудің бірнеше заманауи әдісі қолданылады. Аурудың сатысына байланысты хирургиялық ем, химиотерапия, таргеттік терапия және иммунотерапия тағайындалады. Ерте кезеңде анықталған жағдайда ісікті эндоскопиялық жолмен алып тастауға мүмкіндік бар. Мамандардың айтуынша, асқазан обыры алғашқы сатысында анықталса, толық жазылу мүмкіндігі 90 пайызға дейін жетеді.
Дәрігерлер гастрит, қыжыл, асқазан ауыруы сияқты шағымдары бар азаматтарға, сондай-ақ отбасында асқазан обырымен ауырған жақын туыстары бар адамдарға ерекше сақ болуға кеңес береді. Мұндай жағдайда гастроскопиялық тексеруден 1–2 жылда кемінде бір рет өтіп тұру қажет. Бұл қауіпті ауруды ерте анықтауға және асқынудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Асқазан обыры ұзақ уақыт бойы белгі бермеуі мүмкін. Сондықтан өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тексеруден уақытылы өту – болашақтағы өмір сапасының кепілі. Бүгін жасалған тексеру – ертеңгі тыныштық пен күш-қуаттың негізі.