KZ
Өскемен
-4°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
512.81 604.19 6.57

Өскеменде 64 медицина қызметкері шетелден тағылымдамадан өтті

22.12.2025, 11:30 60 Айна Бакимбаева

Өңірде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту инфрақұрылымдық серпін мен адами капиталды күшейтуді қатар қамтыған кешенді саясатқа айналды. Өскеменде заманауи медициналық кластердің құрылуы, жаңа емханалардың ашылуы, қомақты инвестициялар мен кадр даярлау нәтижесінде қызметтің қолжетімділігі мен сапасы артып келеді. Бұл бағыттағы шешімдер нақты көрсеткіштермен өлшеніп, аурушаңдық пен өлім-жітімді төмендетуге бағытталып отыр. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласының тұрғындарымен кездесу барысында денсаулық саласында қолға алынған жобаларға жеке-жеке тоқталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі

Облыс орталығында денсаулық сақтау инфрақұрылымын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Ана мен бала орталығы мен Гематология орталығын біріктіретін заманауи медициналық кластердің құрылысы өңір медицинасының жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашады. Кластер құрамына 300 орындық көпсалалы аурухананың енуі — жоғары технологиялы медициналық көмекті кешенді түрде көрсетудің берік негізі.

– Жоба толық іске қосылғаннан кейін диагностикадан бастап емдеу мен оңалтуға дейінгі үздіксіз медициналық тізбек қалыптасады. Бұл күрделі клиникалық жағдайларда пациенттерді басқа өңірлерге немесе республикалық орталықтарға жіберу қажеттілігін едәуір азайтады. Ең бастысы — шығысқазақстандықтар заманауи, жоғары дәлдікті диагностика мен күрделі ем түрлерін өз өңірінде ала алады, – деді ШҚО әкімі. 

Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы нефрология орталығын салу жоспарланып отыр. Жаңа орталықта бүйрек ауруларын ерте анықтау, диализ және мамандандырылған ем көрсету мүмкіндігі кеңейеді. Бұл, әсіресе, созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастардың өмір сапасын арттырып, медициналық қызметтің қолжетімділігін күшейтуге ықпал етеді.

Жалпы алғанда, аталған бастамалар өңірлік денсаулық сақтау жүйесін кешенді дамытуға, кадрлық әлеуетті нығайтуға және халықтың медициналық қызметке деген сенімін арттыруға бағытталған стратегиялық қадам болып отыр.

Тұрғындар арасында ең көп наразылық тудыратын жайт – терапевт маманға дер кезінде кіре алмау. Осы олқылықтың орнын толтыру, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында ЖМК ауданында екі жекеменшік алғашқы медициналық-санитарлық көмек емханлары – TAU Clinic және Statusmedicalcenter ашылды. Бұл қаланың шеткері аудандарындағы жүктемені азайтып, тұрғындардың дәрігерге уақтылы қаралуын қамтамасыз етері сөзсіз.

Биыл қаладағы денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға елеулі қаржы бағытталды. Атап айтқанда, екі ірі медициналық нысанда жалпы құны 1,7 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу барысында ғимараттардың инженерлік желілері жаңартылып, емдеу бөлімшелері заманауи талаптарға сәйкестендірілді, пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырылды.

Сонымен қатар, 3,1 млрд теңгеге 200 бірлік заманауи медициналық жабдық сатып алынды. Олардың қатарында диагностикалық, зертханалық және жоғары технологиялық емдеу құралдары бар. Бұл жабдықтар ауруларды ерте анықтауға, дәл диагноз қоюға және емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жүргізілген инвестициялық шаралардың нәтижесінде медициналық ұйымдардың жабдықталу деңгейі 89%-ға жетті. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын айтарлықтай арттырып, күрделі тексерулер мен ем-домды жергілікті деңгейде жүргізуге жол ашты. Алдағы кезеңде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, денсаулық сақтау саласын толық жаңғыртуға негіз болмақ.

Инфрақұрылымды жаңғырту – денсаулық сақтау жүйесін дамытудың бір ғана қыры. Ең бастысы – сол заманауи нысандарда халыққа сапалы медициналық көмек көрсете алатын білікті кадрлардың болуы. Осы орайда облыста медицина мамандарын даярлау мен олардың кәсіби әлеуетін арттыруға айрықша мән беріліп отыр.

Өңірде жыл сайын негізгі медициналық бағыттар бойынша дәрігерлер мен орта буын қызметкерлері жетекші шетелдік клиникаларда білімін жетілдіреді. Бұл – әлемдік тәжірибені тікелей меңгеріп, заманауи емдеу тәсілдерін жергілікті практикаға енгізуге мүмкіндік беретін маңызды қадам.

Өткен жылы Ресей, Германия және Түркияның алдыңғы қатарлы медициналық орталықтарында 44 маман оқытудан өтті. Бұл мақсатқа 420,1 млн теңге бөлініп, соның ішінде 20 медицина қызметкерінің біліктілігін арттыруға 228,2 млн теңге жұмсалды. Ал биыл шетелдік тағылымдамадан өткен мамандар саны 72-ге жетті. Олардың 64-і – Өскемен қаласының медицина қызметкерлері. Биылғы оқытуға да 420,1 млн теңге қарастырылып, оның 357,7 млн теңгесі облыс орталығынан барған кадрлардың біліктілігін арттыруға бағытталды.

Бұл көрсеткіштер өңірде медицина саласын жүйелі түрде дамытуға, кадрлық әлеуетті күшейтуге және тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын халықаралық стандарттарға жақындатуға деген нақты ұмтылысты аңғартады. Білікті маман – кез келген заманауи медициналық инфрақұрылымның басты тірегі екені осы жұмыстар арқылы тағы бір мәрте дәлелденіп отыр.

Жыл басынан бері қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың бірқатар көрсеткіштері оң серпін көрсетті. Атап айтқанда, туберкулезден болатын өлім-жітім 15,8 пайызға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 1,6 жағдайды құрады. Бұл – ерте анықтау, жүйелі скрининг пен емдеу шараларының тиімділігін айқындайтын маңызды көрсеткіш. Сондай-ақ туберкулезбен аурушаңдық деңгейі де 12,5 пайызға азайып, 100 мың тұрғынға шаққанда 33,5 жағдайға дейін төмендеді.

Дегенмен, онкологиялық аурулар бойынша ахуал алаңдатарлық күйінде қалып отыр. Қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім 9,4 пайызға өсіп, 100 мың тұрғынға шаққанда 107,3 жағдайға жетті. Аурушаңдық көрсеткіші де 3,3 пайызға артып, 100 мың тұрғынға шаққанда 337,3 жағдайды құрады. Бұл деректер қатерлі ісіктерді ерте кезеңде анықтау, профилактикалық тексерулерді күшейту және жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру қажеттігін көрсетеді.

Ана мен бала денсаулығына қатысты көрсеткіштер салыстырмалы түрде тұрақты. Есепті кезеңде нәресте өлімінің 30 жағдайы тіркелгенімен, ана өлімі фактілері анықталған жоқ. Бұл перинаталдық көмекті ұйымдастыру, жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесін аңғартады.

Кездесуде өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін дамытуда басқарушылық шешімдердің рөлі айрықша екені атап өтілді. Жиналған деректер мен көрсеткіштерді ескере отырып, облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасына Өскемен қаласының әкімімен (юбірлесіп, аурушаңдық пен өлім-жітімді төмендетуге бағытталған нақты, кезең-кезеңімен жүзеге асатын ұсыныстар пакетін әзірлеуді тапсырды. Бұл ұсыныстар профилактикалық жұмысты күшейтуді, ерте диагностика үлесін арттыруды, сондай-ақ медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуды қамтуы тиіс.

Сонымен қатар, өңірде кадр тапшылығы байқалатын бағыттар бойынша білікті дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін тарту, жас мамандарды қолдау тетіктерін күшейту, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау міндеті қойылды. Басқару деңгейінде медициналық ұйымдардың жұмысын бағалауда формалды көрсеткіштерден нақты нәтижеге негізделген тәсілге көшу қажеттігі баса айтылды.

– Медицинадағы әрбір шешім өлшенетін нәтиже беруі тиіс. Біз инфрақұрылым салып қана қоймай, кадр сапасын көтеріп, басқарушылық тиімділікті күшейту арқылы тұрғындардың өмір сапасын нақты жақсартуға міндеттіміз, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Осылайша, қабылданған тапсырмалар денсаулық сақтау саласын жүйелі түрде жаңғыртуға, басқарушылық жауапкершілікті күшейтуге және ең бастысы – өңір тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы мен сапасын арттыруға бағытталмақ.


Артем Жигулин

Махаббат Ахметжанова 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу