Қазақстан мұражайларының бірыңғай цифрлық жүйесі – E-museum порталы іске қосылды
Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде еліміздің музей саласын жаңа деңгейге көтеретін ауқымды цифрлық жоба – E-museum порталының ресми таныстырылымы өтті. Бұл жоба Мемлекет басшысы айқындаған мәдени мұраны сақтау, дамыту және цифрландыру жөніндегі стратегиялық міндеттер аясында жүзеге асырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, музей саласының елдің мәдени-рухани дамуы мен тарихи жадысын сақтаудағы айрықша рөліне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі жаһандану және цифрлық трансформация кезеңінде мәдениет саласы да заман талабына бейімделіп, жаңа форматта дамуға тиіс.
Бүгінде Қазақстан аумағында 280-нен астам республикалық және өңірлік музейлер мен музей-қорықтар жұмыс істейді. Олардың қорларында 4,5 миллионнан астам бірегей экспонат сақталған. Музейлерге жыл сайын 6 миллионнан астам адам келіп, ұлттық тарих пен мәдени мұрамен танысады.
E-museum порталы осы бай мәдени қазынаны бірыңғай цифрлық платформаға біріктіруді көздейді. Жоба музей қорларын жүйелеуге, экспонаттарды ғылыми тұрғыда сипаттауға және оларды халықаралық мәдени-ақпараттық кеңістікте кеңінен таныстыруға бағытталған. Сонымен қатар портал шетелдік музейлермен, ғылыми орталықтармен және мәдени ұйымдармен ақпараттық әрі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға жол ашады.
Жоба кезең-кезеңімен іске асырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізілді. 2023 жылы жүйеге 33 музей қосылып, 15 мыңнан астам экспонат цифрлық форматқа көшірілді. Сондай-ақ 50 үшөлшемді (3D) модель әзірленді.
2024-2025 жылдардың қорытындысы бойынша E-museum жүйесіне еліміздің барлық мемлекеттік музейлері толықтай енгізілді. Бүгінде платформаға Қазақстанның 20 өңірінен 252 музей қосылған. Цифрлық каталогта 66 мыңнан астам музей қорының бірлігі жинақталған. Сонымен қатар 750 үшөлшемді модель жасалып, көрермендерге арналған музей экспозицияларын қамтитын 15 виртуалды тур іске қосылды.
E-museum порталы өңірлік музейлердің әлеуетін арттырып қана қоймай, қашықтыққа қарамастан мәдени мұраны кез келген адамға қолжетімді етеді. Бұл әсіресе шалғай аймақтарда тұратын тұрғындар мен шетелдік аудитория үшін маңызды.
Жалпы алғанда, E-museum жобасы Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауда жаңа мүмкіндіктер ашып, елдің халықаралық мәдени имиджін нығайтуға елеулі үлес қосады.