KZ
Өскемен
-9°
туман жел 1 м/с, С
501.79 595.07 6.56

Қырғызстанның Ош қаласында Абай ескерткіші орнатылды

26.11.2025, 10:00 143 Ержан Әбіш

Қырғызстанның ең ірі тарихи-мәдени орталықтарының бірі саналатын Ош қаласында қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының есімі ұлықталған жаңа мәдени нысандар – көше, ескерткіш және музей ашылды. Бұл шара екі елдің рухани жақындығын тереңдете түсетін маңызды тарихи оқиға ретінде бағалануда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің орынбасары Асқаралы Мадаминов, Ош қаласының мэрі Женишбек Тоқторбаев, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері, зиялы қауым және мәдениет саласының майталмандары қатысты.

Ашылу барысында сөз алған Аида Балаева бұл бастаманың терең мәніне тоқталып, екі елдің рухани ынтымақтастығына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

– Биыл тамыз айында Бішкекте Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіш ашылған еді. Сол ізгі үрдіс бүгін Ош қаласында Абайдың есімімен жалғасып отыр. Көше, ескерткіш және музей – жай мәдени нысандар емес, бұл – екі елдің бауырластығын, рухани сабақтастығын танытатын мәңгілік белгі. Олар ұрпақты білімге, парасатқа баулитын ортақ құндылықтың айғағы, – деді министр.

Іс-шара аясында Мемлекет басшысының арнайы Жарлығымен Ош қаласының мэрі Женишбек Тоқторбаевқа II дәрежелі «Достық» ордені табысталды. Бұл марапат – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесінің жоғары бағаланғанының белгісі.

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары екі ел мәдениет саласында жаңа серпінмен бірлесе жұмыс істеп келеді. Ортақ көрмелер, театр гастрольдері, әдеби және жастар форумдары, ғылыми конференциялар тұрақты өтуде. Мәдениет мекемелерінің байланысы нығайып, ЮНЕСКО бастамалары аясында да өзара қолдау артып отыр.

Жұмыс сапары барысында Аида Балаева Қырғызстандағы ең ірі музейлердің бірі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген «Сулайман-Тоо» ұлттық тарихи-археологиялық музей-қорығында да болды. Онда министрге музейдің тарихи-этнографиялық құндылықтары таныстырылды.

Абай мұрасын ұлықтауға арналған бұл жаңа нысандар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайтып, мәдени үнқатысудың жаңа кезеңін айқындайды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу