KZ
Өскемен
-23°
плотный туман жел 1 м/с, З
501.02 597.27 6.59

Мәскеуде «Қазақстан мен Ресей достығы» сквері ашылды

12.11.2025, 10:00 168 Базарова Айгүл

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары аясында Мәскеу қаласында «Қазақстан мен Ресей достығы» скверінің ашылу салтанаты өтті. Жаңа саябақ Мәскеудің Оңтүстік әкімшілік округінде, «Алма-Атинская» метро станциясының маңында орналасқан, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, РФ Федералдық жиналысы Федерация кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Яцкин, дипломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ екі елдің танымал мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Андрей Яцкин өз сөзінде Ресей мен Қазақстан халықтарының достығына арналған сквердің ашылуын жоғары бағалап, бұл игі жоба Мәскеу қаласы үкіметінің бастамасымен және Ресей Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен жүзеге асқанын атап өтті.

– Бұл – екі ел арасындағы стратегиялық әріптестік пен тату көршілік қатынастардың жоғары деңгейін көрсететін айқын дәлел. Сквердің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи мемлекеттік сапары қарсаңында ашылуы да ерекше мәнге ие. Осындай нысандардың көбеюі – елдеріміз арасындағы дәстүрлі достық пен ұрпақтар сабақтастығын айғақтайтын маңызды қадам, – деді ол.

Іс-шара барысында Аида Балаева да сөз сөйлеп, Ресей мен Қазақстанды ғасырлар бойы қалыптасқан тату көршілік пен ортақ рухани құндылықтар біріктіретінін айтты.

– Мәдениет – ағартушылыққа, ұлттық болмыс пен бірлікке бастайтын рухани көпір. Биылғы жыл да халықтар арасындағы мәдени және шығармашылық байланыстардың мызғымас дәстүрге айналғанын тағы бір мәрте дәлелдеді, – деді министр.

Айта кетейік, биыл мамыр айында Астанада «Қазақстан мен Ресейдің Мәңгілік достығы» аллеясы ашылған болатын.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу