Шығыста денсаулық сақтау жүйесі жаңарып, медициналық инфрақұрылым кеңейіп келеді
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстанда денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медициналық қызмет сапасын көтеру және заманауи технологияларды енгізу бағытында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы шеңберінде жыл соңына дейін 36 жаңа медициналық нысан пайдалануға беріледі.
Аймақ басшысының айтуынша, Ұлан ауданында 150 адам қабылдай алатын жаңа аудандық емхана ашылған. Сонымен қатар, Риддер қаласындағы ауруханалық кешеннің құрылысы аяқталуға жақын. Облыс орталығында «Ана мен бала орталығы» және «Гематология орталығын» біріктіретін заманауи медициналық кластер салынып жатыр. Кластердің дамуы аясында 300 орындық көпсалалы аурухана іске қосылады. Бұл өңірдегі медициналық көмектің тиімділігі мен қолжетімділігін айтарлықтай арттырмақ.
Мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында «Нефрологиялық орталық» құру жоспарда бар.
Сондай-ақ, кадрлық әлеуетті күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 118 маман оқу-тәжірибеден өтіп, олардың 72-сі Түркия, Израиль, Германия, Қытай және өзге елдердің жетекші клиникаларында кәсіби даярлықтан қайтқан.
Дәурен Аллабергенұлы