Ұлттық жоба: ауылдағы медицина сапасы артып келеді
altainews.kz
Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жыл соңына дейін Риддер қаласында көпбейінді аурухана, Өскеменде гематология орталығының құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, бірқатар аудандық ауруханалар көпбейінді орталық деңгейіне жеткізіліп, күрделі жөндеу мен жаңа технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Бүгінгі таңда жоспарланған 655 медициналық нысанның 540-ы пайдалануға берілді. Жаңа амбулаториялар мен медициналық пункттер шамамен бір миллионға жуық ауыл тұрғынын сапалы көмекпен қамтиды. Сонымен қатар облыстық ауруханалар мен перинаталдық орталықтар кезең-кезеңімен жаңартылуда. Балалар бөлімшелеріндегі төсек қоры артты, ал соңғы жылдары сатып алынған заманауи жабдықтар медициналық ұйымдардың мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтті.
Ұлттық жобаның жүзеге асырылуы ауыл тұрғындары үшін қолжетімді медицинаның жаңа деңгейін қалыптастырып отыр.