ШҚО-да қазақ тілін оқытатын 100-ден астам орталық жұмыс істеп жатыр
Фото: aktobetimes.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін ұлттық бірегейлікті нығайтатын басты құндылық деп атап өткен болатын. Бұл тұжырым ана тіліміздің ел болашағындағы маңызын айқын көрсетеді. Өйткені тіл – халықтың рухани тұтастығын сақтайтын, ұлттың дамуына жол ашатын негізгі тірек.
Осы тұрғыдан алғанда Шығыс Қазақстан облысының орны ерекше. Ресей Федерациясымен және Қытай Халық Республикасымен шектесетін өңір ретінде облыс стратегиялық әрі геосаяси маңызға ие. Көпұлтты орта қалыптасқан аймақта мемлекеттік тіл түрлі этнос өкілдерін біріктіріп, ортақ құндылықтар мен мақсаттарға жұмылдыратын құралға айналып отыр.
Мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін күшейту мақсатында облыста жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі кезде өңірде 9 тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтарда сабақтар заманауи аудиовизуалды құралдар мен цифрлық технологияларды қолдану арқылы өткізіледі, бұл оқыту сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ облыс әкім Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасына сәйкес Өскемен қаласында және бірқатар аудандардың ауылдарында қосымша 100 тілдерді оқыту орталығы ашылғанын атап өткен жөн. Соның нәтижесінде 2 мыңнан астам тұрғын мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндік алды.
Орталықтардың кітапханаларда, мектептерде және өзге де қолжетімді орындарда орналасуы қазақ тілін үйренуді барынша ыңғайлы етті.
Бұдан басқа Өскеменде «Кел, сөйлесейік!» атты ауызекі сөйлеу клубы жұмыс істейді. Клубтың ауқымы кеңейіп, бөлімшелері кітапханаларда, кәсіпорындар мен түрлі мекемелерде ашылды. Бұл қазақ тілінің қоғамдық ортада кеңінен қолданылуына оң әсерін тигізуде.
Тілді дамыту тек оқыту жобаларымен шектелмейді. Өңірде ана тілімізді насихаттауға бағытталған мәдени және ағартушылық іс-шаралар саны жыл сайын артып келеді. Кітапханаларда, мәдениет үйлерінде, театр сахналарында ұйымдастырылатын шаралар тілге деген құрметті күшейтіп, ұлттық рухты жаңғыртуға ықпал етуде.
Бұл үдерісте жастардың рөлі айрықша. Президент атап өткендей, тілдің болашағы – білімді де саналы ұрпақтың қолында. Жастар қазақ тілін ғылымда, техникада, цифрлық технология мен кәсіпкерлік саласында еркін қолдана алса, бұл өңірдің де, елдің де дамуына серпін бермек.
Қазақ тілінің келешегі – оны қаншалықты үйреткенімізде емес, қаншалықты қолдана алғанымызда. Үйде, көшеде, қызметте, ғылым мен бизнесте қазақша сөйлеу – тілге көрсетілген ең үлкен құрмет. Осы жолда әр азамат өз үлесін қосса, мемлекеттік тіл жасанды міндеттен табиғи қажеттілікке айналары сөзсіз. Тілге деген жанашырлық ұранмен емес, күнделікті әрекетпен өлшенеді.
Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп бекер айтпаған. Ендеше, ана тілімізді ардақтау – өткенге тағзым, бүгінге жауапкершілік, болашаққа аманат.
Қазақ тілінің қоғамдағы мәртебесін арттыруға, оны өмірдің барлық саласында кеңінен қолданысқа енгізуге әрдайым үлес қосуға дайынбыз.
Облыстық мәдениет басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімі