KZ
Өскемен
-28°
плотный туман Штиль
506.7 593.14 6.53

Жыл басынан бері 14 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

25.12.2025, 11:30 104 Ержан Әбіш

2025 жылдың басынан бері Қазақстанға шетелдерден қоныс аударып, 14 828 этникалық қазақ тарихи отанымен қайта табысып, қандас мәртебесін алды. Бұл көрсеткіш мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан көші-қон және отандастарды қолдау саясатының жүйелі түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Ал тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 162,9 мың этникалық қазақ оралған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл Қазақстанға келген қандастардың басым бөлігі көршілес және алыс шетелдерден қоныс аударған. Атап айтқанда, олардың 44,5%-ы Өзбекстаннан, 43,6%-ы Қытай Халық Республикасынан, 4,1%-ы Түрікменстаннан, 3%-ы Моңғолиядан, 2,5%-ы Ресей Федерациясынан, ал 2,3%-ы басқа мемлекеттерден келген.

2025 жылғы 1 желтоқсандағы деректерге сәйкес, елге келген этникалық қазақтардың 57,4%-ын еңбекке қабілетті жастағылар, 34%-ын еңбекке қабілетті жастан кіші балалар мен жасөспірімдер, ал 8,6%-ын зейнет жасындағы азаматтар құрайды. Бұл көрсеткіш қандастардың ел экономикасына және демографиялық дамуына қосатын үлесінің жоғары екенін аңғартады.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың білім деңгейіне келсек, олардың 15%-ы жоғары білімді, 27,6%-ы орта арнаулы (кәсіби) білімге ие, 51,1%-ы жалпы орта білімді, ал 6,3%-ының білімі жоқ екені анықталды. Бұл ретте қандастарды қайта даярлау, біліктілігін арттыру және еңбек нарығына бейімдеу бағытында тиісті шаралар жүзеге асырылып келеді.

Қоныс аударған этникалық қазақтар еліміздің түрлі өңірлеріне орналасуда. Сонымен бірге еңбек күші тапшылығы байқалатын өңірлерге қандастарды бағыттап қоныстандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары еңбек ресурсына мұқтаж аймақтар ретінде белгіленген.

Аталған өңірлер бойынша 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. Ал 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 2 218 қандас қоныс аударып үлгерді.

Қоныстандыру өңірлеріне көшіп барған қандастарға мемлекет тарапынан кешенді қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, көшуге арналған субсидия ретінде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне біржолғы 70 АЕК (275,2 мың теңге) төленеді. Сонымен қатар тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу үшін бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейін (59 мыңнан 118 мың теңгеге дейін) қаржылай көмек қарастырылған.
Жыл басынан бері 1 279 қандасқа түрлі мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Оның ішінде 356 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, бұл қандастардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан бейімделуіне оң әсерін тигізуде.

Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында солтүстік өңірлерге қандастарды қабылдайтын жұмыс берушілерді қолдауға бағытталған жаңа институционалдық шаралар қабылданды. Атап айтқанда, тұрғын үй сатып алу, салу немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілді. Бұл сертификат тұрғын үй құнының 50%-ына дейін немесе бір отбасыға 4,56 млн теңгеге дейін біржолғы, өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі.

Жалпы алғанда, қандастарды қолдау және қоныстандыруға бағытталған бұл шаралар елдің демографиялық теңгерімін сақтауға, еңбек ресурстарын тиімді бөлуге және ұлттық бірлікті нығайтуға маңызды үлес қосып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу