KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 4 м/с, Ю
505.53 593.44 6.34

Сертификатталмаған пиротехниканың заңсыз саудасына қарсы рейдтер күшейтілді – ШҚО

25.12.2025, 09:15 96 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау мақсатында сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық рейдтер жүргізілуде. Іс-шаралар ШҚО Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментінің бірлескен күшімен ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz.

Жыл басынан бері өңір аумағында шамамен 243 профилактикалық рейд өткізілді. Тексеру барысында пиротехникалық өнімдерді сатумен айналысатын сауда орындарында тиісті лицензиялардың, сертификаттардың және өнімді сақтау талаптарының сақталуы қатаң бақылауға алынды. Нәтижесінде талапқа сай келмейтін, шығу тегі күмәнді контрафактілік пиротехниканың 60 бірлігі тәркіленді.

Заң талаптарын бұзған тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 196-бабы бойынша 8 әкімшілік хаттама толтырылды.

ШҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы пиротехникалық бұйымдарды сатуға қойылатын негізгі талаптарға тоқталды.

«Пиротехникалық бұйымдарды бөлшек саудада сату өнімнің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ететін, тікелей күн сәулесі мен атмосфералық жауын-шашыннан қорғалған дүкендерде, павильондар мен киоскілерде ғана жүзеге асырылуы тиіс. Сонымен қатар сауда нысандары төтенше жағдайлар кезінде адамдарды эвакуациялауға кедергі келтірмей, алғашқы өрт сөндіру құралдарымен толық қамтамасыз етілуі қажет», — деді Нұржан Өміржанов.

Мамандардың айтуынша, лицензиясы мен рұқсат құжаттары жоқ тұлғалардың пиротехникалық бұйымдарды контейнерлерден тыс, ашық сөрелерде, автокөліктерден, шатырлардан, қолдан немесе адамдар көп жүретін өткелдерде сатуына қатаң тыйым салынады. Мұндай өнімдер адам өмірі мен мүлкіне елеулі қауіп төндіреді.

Осыған байланысты ШҚО ТЖД тұрғындарды пиротехникалық бұйымдарды сатып алу және пайдалану кезінде барынша сақ болуға шақырады. Атап айтқанда:

өнімнің міндетті түрде сертификатталғанын тексеріп, пайдалану нұсқаулығымен алдын ала танысу;

сақтау және сату мерзіміне назар аудару, мерзімі өткен пиротехниканы қолданбау;

қаптаманың бүтін әрі зақымданбаған болуын қадағалау;

фейерверктерді тұрғын үйлерде, ғимараттардың ішінде немесе балкондарда іске қоспау;

зымыран атқыштарды автокөліктердің, құрылыстардың және өрт қауіпті нысандардың маңында қолданбау;

іске қосу аумағында кемінде 50 метр радиуста бөгде адамдар мен жанғыш заттардың болмауын қамтамасыз ету;

балалардың петардаларды өз бетінше іске қосуына қатаң түрде жол бермеу.

Құтқарушылардың айтуынша, мерекелік көңіл күй қауіпсіздік талаптарын ескермеуден туындайтын қайғылы жағдайларға ұласпауы тиіс. Сондықтан әрбір азаматтың жауапкершілігі — өз өмірін ғана емес, айналасындағылардың қауіпсіздігін сақтау.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу