KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 5 м/с, ОШ
512.81 604.19 6.57

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдерді қабылдау жалғасуда

22.12.2025, 15:00 111 Ержан Әбіш

Үкіметтің тапсырмасына сәйкес Ұлттық астық операторы 2026 жылға арналған форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыруға ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өтінім қабылдауды жалғастыруда. Аталған бағдарламаға шамамен 40 млрд теңге бағыттау жоспарланған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл мемлекеттік қолдау шарасы шағын және орта фермерлік шаруашылықтармен қатар, ірі агроөнеркәсіптік кешендерге де қолжетімді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – аграршыларды егіс науқанына ерте дайындау, айналым қаражатының тапшылығын азайту және ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз ету.

Форвардтық қаржыландыру бағдарламасы аясында жоғары маржиналды дақылдар өндірісін ынталандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, жаңа аграрлық маусымда жүгері өсіруге маманданған шаруашылықтарға аванс беру көзделген. Бұл шара егіс алқаптарын әртараптандыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған.

Форвардтық келісімшарттардың талаптарына сәйкес Азық-түлік корпорациясы көктемгі егіс жұмыстары басталғанға дейін ауыл шаруашылығы өндірушілерінің есепшоттарына алдын ала төлем жүргізеді. Бұл фермерлерге жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш және өзге де қажетті ресурстарды дер кезінде сатып алуға мүмкіндік береді.

Егін жинау науқаны аяқталып, ауыл шаруашылығы өнімдері ұлттық оператордың ресурстарына жеткізілгеннен кейін аграршылар нарықта қалыптасқан бағаларға байланысты астық үшін қосымша ақы алу мүмкіндігіне ие болады. Дәстүрлі түрде өсімдік өнімдеріне арналған сатып алу бағасы күз мезгілінде белгіленеді.

2026 жылға арналған форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы өндірушілеріне төленетін алдын ала төлем мөлшері (ҚҚС есебімен) төмендегідей белгіленген: жұмсақ және қатты бидай – 60 000 теңге/тонна; арпа – 50 000 теңге/тонна; жүгері – 50 000 теңге/тонна; күнбағыс – 100 000 теңге/тонна; майлы зығыр және рапс тұқымдары – 100 000 теңге/тонна.

Қаржыландыруды әділ әрі ашық бөлу мақсатында форвардтық келісімшарттар жасасуға арналған барлық өтінімдер облыс әкімдіктері жанындағы үйлестіру кеңестерінің қарауына жіберіледі.

Форвардтық сатып алу шарттары бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдері де айқындалған. Атап айтқанда, бидай, арпа және жүгеріні жеткізу 2026 жылғы 2 қарашаға дейін, ал күнбағыс, майлы зығыр және рапс тұқымдарын жеткізу 2026 жылғы 16 қарашаға дейін жүзеге асырылуға тиіс. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу EXW шарттарында жүргізіледі.

Форвардтық сатып алу бағдарламасына қатысу тәртібі туралы қосымша ақпаратты төмендегі мекенжай мен байланыс нөмірлері арқылы алуға болады: Өскемен қаласы, Бейбітшілік көшесі, 30, 206-шы кеңсе, тел. (8-7232) 25-95-67, 56-06-57.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу