Қазақстанда 14,1 мыңнан астам шетел азаматы жұмыс істейді
2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар берген рұқсаттар негізінде Қазақстан Республикасының аумағында 14 103 шетел азаматы ресми түрде еңбек қызметін жүзеге асырып жатыр. Бұл көрсеткіш елдегі еңбек нарығында шетел жұмыс күшінің белгілі бір үлеске ие екенін көрсетеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шетел жұмыс күшін (ШЖК) тартуға берілген рұқсаттар бірнеше санатқа бөлінеді. Атап айтқанда, басшылар мен олардың орынбасарлары үшін бірінші санат бойынша 537 рұқсат берілген. Құрылымдық бөлімшелердің басшыларына арналған екінші санатта 2 244 рұқсат тіркелген. Ал тартылған шетелдік жұмысшылардың негізгі бөлігі үшінші және төртінші санаттарға жатады. Үшінші санаттағы мамандар саны – 3 784 адам болса, білікті жұмысшыларды қамтитын төртінші санатта 1 271 адам еңбек етуде. Сонымен қатар маусымдық жұмыстарға 2 299 шетелдік тартылған, ал корпоративтік ауыстыру тетігі арқылы елге 3 970 адам келген.
Қазіргі таңда Қазақстан аумағында шетел жұмыс күшін пайдаланатын 1 817 жұмыс беруші бар. Аталған кәсіпорындар мен ұйымдарда 334,4 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш жалпы қызметкерлер санының 96 пайызын құрайды, яғни отандық кадрлардың үлесі басым екенін аңғартады.
Экономикалық қызмет түрлері бойынша алғанда, шетел азаматтары ең көп тартылған сала – құрылыс. Бұл салада 4 993 адам еңбек етеді. Одан кейін ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 2 316 адам жұмыс істейді. Тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласында 1 235 шетелдік қызмет атқарса, өңдеу өнеркәсібінде 1 155 адам еңбек етуде. Бұл деректер шетел жұмыс күшінің негізінен өндірістік және инфрақұрылымдық бағыттарға шоғырланғанын көрсетеді.
Еңбек мигранттары келетін негізгі елдердің қатарында Қытай алдыңғы орында тұр – бұл елден 5 604 адам келген. Өзбекстаннан 2 110 азамат, Түркиядан 1 036 адам, ал Үндістаннан 943 адам Қазақстанда жұмыс істеуде. Бұл елдермен экономикалық және өндірістік байланыстардың тығыздығы еңбек миграциясына да әсер етіп отыр.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын шетел мамандарын тартуға арналған квотаны белгілеп, оны өңірлерге бөліп отырады. 2025 жылы бастапқыда жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,2 пайыз немесе 14,8 мың бірлік көлемінде айқындалған болатын. Алайда наурыз айынан бастап жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері негізінде министрдің бұйрығымен бұл көрсеткіш 16,5 мың бірлікке дейін ұлғайтылды.
Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап маусымдық шетелдік жұмысшыларға рұқсат етілген кәсіптер тізбесінің кеңеюіне байланысты жалпы квота қайта қаралды. Нәтижесінде ол республикадағы жұмыс күші санына қатысты 0,25 пайыз немесе 19,4 мың бірлік мөлшерінде белгіленді. Дегенмен өңірлердің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, бүгінгі таңда бұл квота 16,7 мың бірлікке дейін қысқартылды.
Министрлік мәліметінше, мұндай шаралар бір жағынан экономиканың жекелеген салаларын қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан отандық еңбек нарығының тұрақтылығын сақтауға бағытталған.