KZ
Өскемен
-19°
туман Штиль
504.6 594.27 6.48

Құтқарушылар таудағы сақтық шараларын еске салады

26.12.2025, 10:00 68 Ержан Әбіш

Жыл басынан бері еліміздің таулы аймақтарында 119 іздестіру-құтқару жұмысы жүргізілген. 2025 жылы таудағы іздеу-құтқару шараларының саны өткен жылмен салыстырғанда 22,7 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш қыс мезгілінде тауға шығу кезінде қауіпсіздік талаптарын елемеудің салдары әлі де өзекті екенін көрсетеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осыған байланысты ТЖМ құтқарушылары азаматтарды таудағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Ең алдымен сапар алдында маршрутты мұқият жоспарлап, алдын ала дайындалу қажет. Қар көшкіні мен сел жүру қаупі бар аумақтардың картасын қарап, ауа райы болжамымен танысу аса маңызды. Сонымен қатар тауға шығу жоспары және қайтып оралатын болжамды уақыт туралы 112 қызметіне хабарлау ұсынылады.

Ережеге сәйкес, жеке тұлғалар саяхат басталғанға дейін жетуі қиын, өмірге қауіп төндіретін аумақтарда (таулы, су және спелеологиялық объектілер) жүру маршруттары туралы ТЖМ-нің аумақтық органына хабарлама жіберуі тиіс. Бұл хабарламаны 112 бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі арқылы немесе ТЖМ-нің ресми сайтында көрсетілген аумақтық органның электрондық пошта мекенжайы арқылы жолдауға болады. Хабарламада азаматтың тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және байланыс деректері көрсетілуі қажет.

Топпен саяхаттаған жағдайда хабарлама топ мүшелерінің біреуі арқылы жіберіледі. Онда топтағы адамдардың саны, олардың деректері мен байланыс мәліметтері, қозғалыс бағыты (бағыттың басталу және аяқталу нүктесі, ұзақтығы, болжамды қону және демалу орындары) толық көрсетілуге тиіс.

Егер қар көшкіні қаупі туралы ресми ескерту жарияланса, тауға барудан уақытша бас тартқан жөн. Ал ескерту болмаған жағдайда да сақтықты күшейту қажет: метеорологиялық болжамды мұқият бақылау, дайындықсыз беткейлерде серуендемеу және сырғанаудан аулақ болу, тек белгіленген соқпақтармен жүру ұсынылады. Қар көшкіні қаупі бар аймақтар туралы барынша ақпарат жинап, қауіпті беткейлерді айналып өткен дұрыс. Егер тауға шығар алдында қалың қар жауған болса, жорықты екі-үш күнге кейінге қалдырған жөн.

Құтқарушылар тауға аттанар алдында маршрутты жан-жақты зерттеуге кеңес береді. Оның ұзындығын, биіктік айырмашылығын, күрделі учаскелерін және демалуға қолайлы орындарын алдын ала анықтау қажет. Қайда және қашан баратыныңызды, сондай-ақ қай уақытта оралуды жоспарлап отырғаныңызды жақындарыңызға міндетті түрде хабарлаңыз. Ауа райы тауда күрт өзгеруі мүмкін екенін ескеріп, болжамды үнемі тексеріп отырған абзал.

Сонымен қатар жергілікті жермен алдын ала танысып, өзіңізбен бірге карта, компас, GPS немесе навигатор алған жөн. Егер маршрут биікке көтерілу мен қиын өткелдерді қамтыса, мұндай жорыққа физикалық тұрғыдан жақсы дайындалу қажет.

Тауға шыққанда міндетті түрде алып жүруге тиіс жабдықтар қатарына треккингке арналған арнайы аяқ киім, «қабаттап киіну» қағидасына сай киім (термокиім, жылу ұстайтын ортаңғы қабат, жел мен жаңбырдан қорғайтын сыртқы күртеше), жеткілікті мөлшерден артық су мен тамақ қоры кіреді. Сондай-ақ алғашқы көмек қобдишасы, бағыт-бағдар құралдары, толық қуатталған ұялы телефон мен пауэрбанк, күннен қорғайтын көзілдірік, крем, бас киім, фонарь және қосалқы батареялар қажет. Төтенше жағдайда белгі беру үшін ысқырық немесе дабыл айнасын алып жүрген жөн.

Құтқарушылардың айтуынша, тауға жалғыз емес, топпен шыққан қауіпсіз. Топтан қалып қоймау немесе алға озып кетпеу, күш-қуатты үнемдеп, жүктемені тең бөлу маңызды. Әсіресе бейтаныс жерде белгіленген жолдан шықпау қажет, себебі адасып қалу қаупі жоғары.

ТЖМ азаматтарды өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, таудағы сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу