Бұқтырмаға шыққан балықшы адасып кетті – ШҚО
Шығыс Қазақстанда құтқарушылар тағы бір төтенше жағдайдың алдын алып, адасып қалған тұрғынның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Күршім ауданы аумағында Бұқтырма су қоймасында балық аулап жүрген ер адам жақындарынан алыстап кетіп, көзден таса болған. 1962 жылы туған азамат Алғабас ауылына жақын маңда серіктерімен бірге жүргенімен, су бетінде бағдарынан жаңылып, жағаға қайта орала алмай қалған.
Жағдай туралы ақпарат түсе салысымен оқиға орнына ТЖМ-нің құтқару тобы аттанды. Іздестіру жұмыстары нәтижесінде балықшы табылып, жағалауға аман-есен жеткізілді. Мамандардың айтуынша, оның денсаулығына қауіп төнбеген, медициналық көмек қажет болмады.
Қауіпсіздік ережесін естен шығармаңыз
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды қыс мезгілінде ерекше сақ болуға шақырады. Өңірде бұған дейін дауылды ескерту жарияланғанын еске салған мамандар мұзға шығу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң орындауды сұрайды.
Құтқарушылар ұсынатын негізгі талаптар:
- жұқа мұзға шықпау;
- ауа райы қолайсыз кезде су қоймасына бармау;
- қараңғы уақытта мұз үстінде жүрмеу;
- құтқару жилетін кию міндетті;
- топпен жүргенде бір-бірінен алшақтамау.
Кез келген төтенше жағдай орын алса, уақыт жоғалтпай 112 нөміріне хабарласу қажет.