Мұздағы қауіп: ШҚО құтқарушылары рейдтерді күшейтті
Қыс келсе, өзен-көл бетінде ақ ұлпаға оранып, мөлдіреп жатқан мұз адамға ерекше тартымды көрінеді. Осындай сәтте біреу балық аулауға асықса, енді бірі сырғанап серуендеуді ойлайды. Алайда осы әсем көріністің астарында үлкен қауіп жасырынып жатқанын көпшілік ескере бермейді. Себебі жұқа мұз – қысқы демалыстың емес, қайғылы жағдайдың бастауына айналуы мүмкін, деп хабарлайды Altainews.kz.
Мұздың беріктігі оның қалыңдығына, температураға және су айдынының ерекшелігіне тікелей байланысты. Көзге қалың көрінгенімен, әрқашан сенімді бола бермейді. Нөл градус шамасында жатқан мұз минус 5 градустағы мұздан 10-12 есе әлсіз болатынын мамандар үнемі ескертіп келеді. Бір ғана қадам – адам өмірін қыл үстіне тігуі ықтимал.
ШҚО төтенше жағдайлар қызметі қыс бойы халықтың қауіпсіздігін назарда ұстап, су айдындарында жүйелі түрде рейдтер жүргізіп келеді. Маусым басталғалы еріктілер мен полиция мамандарымен бірге мұз үстінде 360-тан астам профилактикалық тексеріс ұйымдастырылған. Мұз басқан жерлерде нұсқамалар беріліп, қауіпсіздік ережелері түсіндірілуде.
ТЖ жою басқармасының бастығы Эльдар Шаймардановтың айтуынша, мұзға шыққан әр адамда міндетті түрде қауіпсіздік құралдары болуы тиіс. Бұл – өмірді сақтаудың ең қарапайым әрі шешуші шарты.
Қажетті құралдар тізімі:
- ысқырық
- құтқару жилеті
- шильц (мұз тескіш)
- ұзындығы кемінде 12 м, диаметрі 11 мм болатын арқан
- ұзындығы 2 м таяқ
Қауіпсіздік ережесін елемеген азаматтар Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бүгінде аймақта 23 адамға әкімшілік шара қолданылған.
Құтқарушылардың айтуынша, ең үлкен қателік айдынға көлікпен шығу. Ауыр салмақ мұзды әлсіретіп, ойламаған жерден опырылып түсу қаупін күшейтеді. Автокөлікпен су айдынына шығу – тәуекел ғана емес, өлімге бастар жол.
Егер адам мұз астына түссе – не істеу керек?
Мұндай сәтте бұлжымас ереже – сабыр сақтау. Себебі, әр секунд қымбат.
Құтқару тәртібі:
1. Қолыңызға таяқ, ысқырық, тақтай немесе арқан алыңыз.
2. Мұз бетімен еңбектеп, аяқ-қолыңызды кең жайып жылжыңыз.
3. Зардап шегушіге бірнеше метр қалғанда тоқтап, арқанды лақтырып немесе таяқ созыңыз.
4. Адамды мұз бетіне шығарған соң, қауіпті аймақтан еңбектеп алыстаңыз.
5. Бірден 112 нөміріне хабар беріп, жедел жәрдем шақырыңыз.
Мұз үстіндегі әрбір ойланбай жасалған қадам – адам өмірімен өлшенеді. Сондықтан сақтықты серік етіп, өз өміріңізді де, өзгелердің өмірін де қорғай біліңіз.




