Қазақстанда онлайн казино пайдасына жасырын схемамен 600 млрд теңгеге жасалған заңсыз операция анықталған
Қаржылық мониторинг агенттігі кезекті рет Қазақстандағы заңсыз қабылданған аударымдардың ауқымды схемасын әшкерленді. Ел аумағында заңсыз деп танылған ойын бизнесінен түскен қаражат төлем ұйымдары арқылы өткізіліп, заңды операциялар ретінде жасырын схемамен онлайн-казиноның пайдасына шығарылып отырған. Қазіргі уақытта 600 млрд теңгеден астам заңсыз операциялар анықталды. 20-дан астам төлем ұйымы және екінші деңгейлі банктердің жекелеген лауазымды тұлғалары да заңсыз әрекетке тартылған. Айта кетейік, Қазақстанда онлайн-казино қызметіне толық тыйым салынған. Алайда, бұл казино түрлері балалар мен жастарды онлайн ойынға белсенді түрде тартып, халықтың моральдық және психикалық денсаулығына елеулі зиян келтіруде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Схеманы жүзеге асыру үшін финтех-сервистердің иелері букмекерлік кеңселермен жасалған жалған шарттар негізінде алынған «сұр» POS-терминалдар мен Terminal ID қолданған. Қазіргі уақытта заңсыз операциялардың анықталған көлемі 600 млрд теңгеден асады. Құқыққа қарсы әрекетке 20-дан астам төлем ұйымы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің жекелеген лауазымды тұлғалары тартылған.
Сонымен қатар төрт онлайн-казиноға техникалық қолдау көрсетіп, ақша операциялары бойынша кеңес берген Call-орталықтың қызметі тоқтатылды. Оның заңсыз жұмысына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтарынан құралған 120 адам тартылған.
Бұдан бөлек, Call-орталық ұйымдастырушылары криптовалюта арқылы қаражат қабылдап, шығаруды жүзеге асырған гемблинг негізіндегі серіктестік бағдарламасын құрған. Оның айналымы 200 млн USDT-тен асып түсті. Аталған іс-шараларды жүзеге асыру барысында 70-тен астам тінту жүргізіліп, заттай дәлелдемелер тәркіленді.
Сот санкциясымен, олардың ішінде «Төлем ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басшысының кеңесшісі бар тоғыз тұлғаға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта олардың ішінде шетел азаматтары бар сегіз адамды халықаралық іздеуге жариялау үшін материалдар дайындалуда.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды. Агенттік жеке және заңды тұлғаларды заңсыз құмар ойындарды ілгерілетуге қатысуға жол берілмейтіні жөнінде тағы да қатаң ескертеді.
Онлайн-казино қызметі заңды бұзып қана қоймай, лудоманияның таралуына себеп. Осыған байланысты заңсыз құмар ойындарға көмек көрсетуге бағытталған кез келген әрекет қылмыстық қызметті ұйымдастыруға жәрдемдесу ретінде бағаланып, сөзсіз қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Фото: ҚР ҚМА





