«Бейбіт атом: Қазақстанның энергетикалық болашағы»: Altainews журналисінің материалы үздіктер қатарында
Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы ұйымдастырған республикалық журналистер байқауында Altainews.kz медиа-орталығының тілшісі Қуаныш Смағұлов жүлделі II орынға ие болды.
Аталған байқау ел ішіндегі бұқаралық ақпарат құралдары арасында өтіп, бұрынғы Семей ядролық полигонының тарихы, салдары және бүгінгі өзекті мәселелерін кәсіби деңгейде, объективті әрі жан-жақты жариялаған журналистік материалдар сарапқа салынды.
Қуаныш Смағұлов байқауға «Бейбіт атом: Қазақстанның энергетикалық болашағы» атты сараптамалық мақаласын ұсынып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Зерттеуге негізделген бұл еңбекте автор еліміздегі энергетикалық жүйенің қазіргі ахуалын талдап, атом энергиясын бейбіт мақсатта қолданудың маңызын кеңінен ашады.
Мақалада Қазақстандағы жылу электр орталықтарының ескіргені, энергияға деген сұраныстың жыл сайын артып келе жатқаны сөз болып, балама әрі тұрақты қуат көздерін дамыту қажеттігі көтеріледі. Сонымен қатар, Семей ядролық полигонының тарихи салдарынан қалыптасқан қоғамдағы радиофобия мәселесі сараланып, атом энергетикасының экологиялық және экономикалық артықшылықтары, еліміздің уран қоры мен ғылыми-техникалық әлеуеті, сондай-ақ әлемдік тәжірибе негізінде бейбіт атомды дамытудың келешегі жан-жақты талданады.
Материалда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ядролық энергетикаға қатысты ұстанымы, сала мамандары мен экологтардың пікірлері келтіріліп, тақырыпқа көпқырлы әрі салмақты көзқарас ұсынылған. Қоғам үшін аса маңызды мәселені жауапкершілікпен көтерген бұл журналистік еңбек кәсіби шеберліктің үлгісі ретінде бағаланды.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Курчатов қаласында өтті. Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған журналистерге арнайы дипломдар табысталды.
Айта кетейік, бұл жетістік – өңірлік журналистиканың сапасын арттыруға, әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды терең әрі ашық көтеруге қосылған маңызды үлес. Altainews.kz ұжымы үшін бұл – шығармашылық ізденіс пен кәсіби жауапкершіліктің нақты нәтижесі
Жайна Сыранова

