KZ
Өскемен
-11°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, СБ
507.05 594.82 6.51

Балалар мен ата-аналарға арналған жаңа көмек кеңістігі – ШҚО

27.12.2025, 17:00 190 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстанда «Жаңартылған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация – балалар мен ата-аналарға арналған көмек кеңістігі» тақырыбында ашық есік күні өтті. Іс-шара қазіргі таңда психологиялық қызметтің қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттауға бағытталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Ашық есік күніне облыстық білім беру және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессор-оқытушылар құрамы, білім беру ұйымдарының мамандары, серіктес мекемелер, ата-аналар және психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қызметкерлері қатысты. Бұл алаң түрлі сала мамандары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, балаларға көрсетілетін кешенді көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Іс-шара барысында қонақтар жаңартылып, кеңейтілген консультация ғимаратымен танысты. Атап айтқанда, заманауи тіркеу бөлімі, балаларды тексеруге арналған арнайы жабдықталған диагностикалық кабинеттер, әкімшілік блок, конференц-зал және әдістемелік кабинет таныстырылды.

Балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін анықтау мен қолдауға бағытталған цифрлық технологияларға ерекше назар аударылды. Бұл шешімдер диагностика сапасын арттырып, ата-аналарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге жол ашады.

Ашық есік күні аясында консультацияның қалыптасу тарихы, даму кезеңдері және қызметіне цифрлық технологияларды енгізу бойынша жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобалардың нәтижелері туралы бейнематериалдар көрсетілді. Сонымен қатар, ата-аналар мен сала мамандарының пікірлері тыңдалып, мекеме жұмысы нақты мысалдар арқылы таныстырылды.

Іс-шара барысында психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек пен қолдау жүйесін дамытуға елеулі үлес қосқан қызметкерлер алғыс хаттармен марапатталды. Бұл – олардың кәсіби біліктілігі мен жауапты еңбегіне берілген жоғары баға.

Айта кетейік, Қазақстанда Психолог күні жыл сайын аталып өтеді. Бұл күн балалардың психологиялық саулығын сақтау, олардың әлеуетін ашу және ата-аналарға сапалы кәсіби қолдау көрсету жолында еңбек етіп жүрген мамандардың рөлін айқындайды. Осы тұрғыда психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қызметі инклюзивті білім беруді дамытуда және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауда маңызды орын алады.

Бүгінде жаңартылған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация тек диагностика жүргізетін мекеме ғана емес, балалар мен ата-аналар үшін ашық, қолжетімді әрі сенімді көмек кеңістігіне айналып отыр. Мұндай бастамалар өңірде инклюзивті қоғам қалыптастыруға және әрбір баланың сапалы білім мен қажетті қолдауға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу