KZ
Өскемен
-3°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Шығыс Қазақстан жаңа инвестициялық серпінге қадам басты

26.12.2025, 13:00 138 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысы экономиканы әртараптандыру, өндірістік әлеуетті арттыру және экологиялық мәселелерді заманауи тәсілмен шешу бағытында халықаралық инвесторлармен ынтымақтастықты күшейтіп келеді. Өңір басшысының шетелдік компания өкілдерімен өткен бірқатар кездесуі осы бағыттағы нақты жобалардың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Шетелдік кәсіпкерлер Шығыс Қазақстанда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып, өндіріс пен экологияны қатар дамытуды көздейтін бастамаларын ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz.

Бахрейн Корольдігінде тіркелген халықаралық компания Өскемен қаласында ферросилиций өндіретін зауыт салу мүмкіндігін қарастыруда. Алдын ала есеп бойынша, жобаның инвестиция көлемі 500 миллион АҚШ долларына дейін жетуі ықтимал.

Жоба жергілікті шикізат көздері пайдалануға, шамамен 600 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Инвесторлар өндіріс процесінде заманауи экологиялық технологияларды енгізуге басымдық беріп отыр.

Сонымен қатар, облыс әкімімен өткен жеке кездесуде HONGKONG BBGO INVESTMENT HOLDING компаниясының өкілдері Өскемен қаласындағы қалдық сақтау қоймаларын экологиялық рекультивациялау жобасын таныстырды.

Аталған компания Қытай, Малайзия және Лаос елдерінде 15 жылдан астам уақыт бойы экологиялық және ресурсты үнемдейтін жобаларды табысты іске асырып келеді.

Ұсынылып отырған технология мыс, алтын, күміс және басқа да бағалы металдарды 80 пайыздан астам тиімділікпен қайта алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жобада қалдықсыз өндіріс қағидаты, тұйық су айналымы және өндіріс қалдықтарын қауіпсіз құрылыс материалдарына қайта өңдеу тетіктері қарастырылған.

Қазіргі уақытта аталған бастамалар пысықтау кезеңінде. Сарапшылардың пікірінше, бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, экологиялық мәселелерді шешуге де елеулі үлес қосуы мүмкін.


Фото: ШҚО әкімдігі 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу