KZ
Өскемен
-12°
пасмурно жел 1 м/с, С
507.05 594.82 6.51

26 жыл өткен соң ашылған қылмыс: Зайсандағы қанды түннің ақиқаты

27.12.2025, 18:00 217 Базарова Айгүл

Арада ширек ғасыр өтсе де, қылмыс ізі суымайды. Шығыс Қазақстан облысының полицейлері 1999 жылы Зайсан қаласында аса қатыгездікпен жасалған қылмыстың бетін ашты, деп хабарлайды Altainews.kz ШҚО ПД сілтеме жасап. 

ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, бүгінде бірнеше қарулы шабуыл жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған екі аса қауіпті қылмыскердің 26 жыл бұрынғы адам өлтіру мен қарақшылыққа тікелей қатысы бар екені дәлелденді.

1999 жылдың соңы жаңа жылмен бірге жаңа 21 ғасырды қарсы алуға дайындалып жүрген шағын қала тұрғындарын қанды оқиға дүр сілкіндірген еді. Сол кездегі мүмкіндіктерге қарай полицейлер жедел іздестіру шараларын шұғыл бастап, бар күшін салғанымен, күдіктілер ізін суытып, ұстатпай кеткен-ді.

Уақыт өткен сайын үміт те көмескі тартқандай көрінген. Алайда полиция мен тергеу органдары істі архивке жаба салмай, жылдар бойы жүйелі әрі табанды жұмыс жүргізді. Облыстық прокуратураның қолдауымен істің көмескі тұстары біртіндеп айқындала бастады.

Тергеу барысында анықталғандай, екі ер адам «оңай олжа» табу мақсатында Зайсан тұрғынының үйіне баса-көктеп кірген. Алайда оңай олжа мен ойға алған жоспарлары орындалмаған қаскөйлер адам шошырлық қатыгездікке барған. Үйде болған 26 жастағы ер азаматты аямай пышақтап өлтіріп, 77 жастағы қарияны аяусыз соққыға жығып, электр сымымен орындыққа байлап кеткен.

Қылмыскерлер оқиға орнынан 12 калибрлі қос ұңғылы аңшы мылтығын, «ИЖ-53М» пневматикалық тапаншасын және бейнемагнитофонды алып қашқан.

Белгілі болғандай, бұл екі адам кейін де талай ауыр қылмыс жасап, 2002 жылдың желтоқсанында бірнеше қарақшылық шабуыл мен адам өлтіру фактілері бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған. Алайда 1999 жылғы Зайсандағы қанды қылмыс сол уақытқа дейін ашылмай келген.

Қазір Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті «Адам өлтіру», «Қарақшылық», «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Қаруды заңсыз иемдену» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеуді толық аяқтап, істі сотқа жолдады.

ШҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен екі сотталушыға бұрын тағайындалған жазалар ішінара қосылып, мүлкі тәркілене отырып, төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза кесілді.

Полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен әділдік жолындағы табандылығының арқасында 26 жыл бұрынғы ауыр қылмыстың ақиқаты ашылды. Уақыт өтсе де, заң алдында ешбір қылмыс елеусіз қалмайтыны тағы бір мәрте дәлелденді.


Фото: ШҚО ПД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу