Көлік инфрақұрылымы жаңарып, транзиттік әлеует күшейіп келеді
2025 жылы Қазақстан Республикасының көлік саласында тұрақты өсім сақталып, барлық негізгі бағыттар бойынша оң динамика байқалуда. Бұл көрсеткіштер Көлік министрлігінің жүйелі жұмысының, салалық бағдарламалардың және Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларының нәтижесі болып табылады. Министрлік тарапынан көлік инфрақұрылымын жаңғырту, өңірлер арасындағы байланысты күшейту, халықаралық транзиттік әлеуетті арттыру және халыққа көрсетілетін көлік қызметтерінің сапасын жақсарту басты басымдық ретінде айқындалған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Осы мақсатта ел аумағында ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып, автомобиль, теміржол, әуе және су көлігі салалары кешенді түрде дамытылуда. Әсіресе шекаралық және туристік аймақтарда орналасқан Зайсан, Катонқарағай, Майқапшағай бағыттарына ерекше назар аударылып отыр. Бұл өңірлерді дамыту елдің экономикалық және логистикалық қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ ішкі және сыртқы туризмді жандандыруға мүмкіндік береді.
2025 жылы автомобиль жолдарын жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары рекордтық 13 мың шақырымды қамтыды. Көлік министрлігінің үйлестіруімен стратегиялық маңызы бар Қалбатау – Майқапшағай автомобиль жолы толық аяқталып, Қытай Халық Республикасымен шекаралас Майқапшағай өткізу бекетіне апаратын жолдың сапасы айтарлықтай жақсарды. Бұл бағыт транзиттік тасымал көлемін арттыруға және шекара маңындағы сауда-экономикалық байланысты жандандыруға ықпал етті.
Сонымен қатар Ұзынағаш – Отар және Қызылорда – Жезқазған бағыттарындағы негізгі жобалар толық аяқталды. Жезқазған – Петропавл, Қарағанды – Қарқаралы республикалық маңыздағы автомобиль жолдарында орташа жөндеу жүргізілді.
Қазіргі уақытта Қызылорда – Жезқазған автомобиль жолын қайта жаңғырту (Ұлытау облысы аумағындағы учаске), Ертіс өзені арқылы көпір салу және басқа да ірі жобалар жүзеге асырылуда. Алдағы жылы Мемлекет басшысының бастамасына сәйкес республикалық маңызы бар 10 мың шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.
Теміржол саласында да ауқымды серпіліс бар. Ұзындығы 836 шақырым болатын Достық – Мойынты теміржол желісінің құрылысы толық аяқталып, Қазақстан – Қытай бағытының өткізу қабілеті 5 есеге артты. Бұл шешім Майқапшағай бағыты арқылы өтетін жүк ағындарын ұлғайтып, елдің транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтерді.
Сонымен қатар Алматы қаласының айналма теміржол желісі (75 шақырым) аяқталуға жақын. Бұл жоба жүк пойыздарын қала сыртына шығарып, экологиялық ахуалды жақсартуға және көлік тығыздығын азайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Мойынты – Қызылжар, Дарбаза – Мақтаарал, Аягөз – Бақты теміржол желілері бойынша құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Еліміздегі жолаушылар тасымалының сапасын арттыру мақсатында вокзал кешендерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Республика аумағындағы 124 вокзалдың 46-сында құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылы толық аяқталады. Бұл жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, өңірлік қатынастардың дамуына серпін береді.
Ақтау теңіз портында контейнерлік хабтың құрылысы толық аяқталып, Каспий теңізі арқылы өтетін халықаралық бағыттардағы жүк тасымалы едәуір жанданды. Бұл Қазақстанды Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды логистикалық хаб ретінде бекіте түсті.
Авиация және әуежай инфрақұрылымы
Авиация саласында Қазақстан ИКАО стандарттарына сәйкестік бойынша 95,7 пайыздық көрсеткішке қол жеткізіп, ТМД және Еуразия кеңістігіндегі алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналды.
Ақтау әуежайында ұшу-қону жолағы мен перронға күрделі жөндеу жүргізілді.
Ал Кендірлі курорттық аймағында салынатын жаңа әуежай батыс өңірдегі туризмді дамытуға серпін бермек. Павлодар, Балқаш және Арқалық әуежайларында қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің ең маңызды көлік-логистикалық тораптарының бірінде орналасқан стратегиялық өңір. Облыс Қазақстанды Ресей Федерациясы және Қытай Халық Республикасымен байланыстыратын шекаралық аймақ ретінде халықаралық сауда, транзит және көлік қатынастарын дамытуда айрықша рөл атқарады. Географиялық орналасуының тиімділігі Шығыс Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі негізгі көлік дәліздерінің қиылысу нүктесіне айналдырып отыр.
Осы ерекшеліктерді ескере отырып, өңірде логистика мен көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып айқындалған. Заманауи көлік желісін қалыптастыру арқылы облыс ішкі нарық пен сыртқы бағыттарды байланыстыратын маңызды транзиттік хабқа айналуда.
Саланың табысты дамуы ең алдымен заманауи және сапалы инфрақұрылымға тікелей байланысты. Бүгінде ШҚО-да көлік, коммуналдық және энергетикалық жүйелер кезең-кезеңімен жаңғыртылып, логистиканы оңтайландыратын, халық пен бизнес үшін қолайлы жағдай жасайтын инфрақұрылым қалыптастырылуда. Бұл өз кезегінде өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа өндірістер мен қызмет көрсету салаларының дамуына серпін беруде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл ШҚО аумағында екі жаңа әуежайдың құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалар облыстың шалғай және туристік аймақтарының қолжетімділігін арттырып, Зайсан мен Катонқарағай бағыттарындағы туристік және іскерлік ағынды ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Өткен жылдан бастап Өскемен қаласынан Мәскеу мен Новосибирскке халықаралық әуе рейстері тұрақты түрде орындалуда. Келесі жылдан бастап Қытай Халық Республикасына тікелей әуе рейсін ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өңірлер арасындағы байланысты күшейту мақсатында «Өскемен – Алматы» бағытындағы «Тальго» жүрдек пойызын іске қосу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Шекаралық өңір ретіндегі мәртебесіне сәйкес, облыста «Майқапшағай» және «Уба» өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар Қазақстан – Қытай және Қазақстан – Ресей бағыттарындағы жүк және жолаушылар ағынын арттырып, шекарадан өту рәсімдерінің жылдам әрі тиімді болуын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде өңірдің халықаралық логистикалық әлеуеті айтарлықтай күшейеді.
ШҚО-да теміржол инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілуде. 5 теміржол вокзалы жаңғыртылуда, бұл жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, өңірішілік және транзиттік тасымалдардың тиімділігін жоғарылатады. Теміржол бағыттарының жаңаруы Шығыс Қазақстанды еліміздің солтүстік, оңтүстік және шығыс өңірлерімен байланыстыратын маңызды буын ретінде нығайта түседі.
Өңірде автомобиль жолдары желісін дамыту логистиканың негізгі тірегі ретінде қарастырылуда. Биыл облыс аумағында 856 шақырым автожол жөнделіп, оған 98 млрд теңге бөлінді. «Талдықорған – Өскемен» және «Өскемен – Семей» бағыттарындағы ірі жобалар толық аяқталды. Қазіргі уақытта «Өскемен – Рахман қайнарлары» және «Қалбатау – Майқапшағай» автожолдары бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл бағыттар облысты шекаралық өткізу пункттерімен тікелей байланыстырып, транзиттік тасымалдарды еселеп арттыруға мүмкіндік береді.
Өскемен қаласының көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту мақсатында екі ірі жол айрығының құрылысы жүргізілуде. Олар жол кептелістерін азайтып, қала ішіндегі көлік қозғалысының өткізу қабілетін арттырады. Сонымен қатар, қалада екі жаңа көпір салу жоспарланған:
– Ертіс өзені арқылы (Виноградов көшесі ауданында);
– Үлбі өзені арқылы (Шнайдер көпірінің орнына).
Бұл жобалар қала мен облыс арасындағы көлік байланысын күшейтіп, өңірдің транзиттік мүмкіндігін кеңейтеді.
Жалпы алғанда, Шығыс Қазақстан облысының тораптық орналасуы, шекаралық мәртебесі және көлік-логистикалық инфрақұрылымының қарқынды дамуы өңірді елдің шығыс қақпасына және халықаралық транзиттік хабқа айналдыруға негіз қалайды. Жүзеге асырылып жатқан жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, Қазақстанның көлік және логистика саласындағы стратегиялық позициясын одан әрі нығайтады.