2026 жылы зейнетақылар мен жәрдемақылар қаншалықты өседі?
2026 жылы Қазақстанда зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ұлғаяды. «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, сондай-ақ базалық және ынтымақты зейнетақылар ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сай 10 пайызға арттырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен өсіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, ең төменгі базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғарысы 120 пайызына дейін жеткізіледі.
Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 35 596 теңгені (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ал ең жоғары мөлшері 60 005 теңгені (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 118%-ы) құрайды.
Мысал ретінде, 2019 жылы зейнетке шыққан 70 жастағы зейнеткердің 2025 жылы бюджеттен алатын зейнетақысы 171 588 теңге болды. Оның ішінде базалық зейнетақы – 50 851 теңге, ынтымақты зейнетақы – 120 737 теңге.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап индексацияны ескерсек, оның жалпы зейнетақысы 192 816 теңгеге дейін өседі. Бұл соманың ішінде базалық зейнетақы 60 005 теңге, ал ынтымақты зейнетақы 132 811 теңге болады. Айта кету керек, бұл есепке БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер кірмейді.
Мемлекеттік жәрдемақылар да өседі
2026 жылдан бастап бірқатар әлеуметтік төлемдер де 10 пайызға ұлғаяды. Атап айтқанда: 1, 2, 3 бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, ал 4 және одан да көп бала туған жағдайда 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін өседі.
Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін ұлғаяды.
I топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған жәрдемақы 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге дейін, II топтағыларға – 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге дейін, III топтағыларға – 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін өседі.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін асыраушысынан айырылу және еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер де 10 пайызға арттырылады. Бұл төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен төленетін жәрдемақыларға қосымша беріледі.
Айта кетейік, әлеуметтік төлемдердің нақты мөлшері әр адам үшін жеке есептеледі. Ол соңғы екі жылдағы орташа айлық табысқа, әлеуметтік аударымдарға, еңбекке қабілеттіліктен айырылу коэффициентіне, асырауындағы адамдар санына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады.