Орташа зейнетақы 142 мың теңгеден асты - Министрлік
stock.adobe.com
2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 2 трлн 804,4 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде базалық зейнетақыға – 907,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыға – 1 трлн 897 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде 2 млн 503 мың зейнеткер бар. Орташа зейнетақы мөлшері 142 894 теңгені құрайды. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 95 326 теңге, базалық зейнетақы – 47 568 теңге.
Биыл 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға көтерілді. Бұл өсім инфляция деңгейінен 2%-ға жоғары. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарысы 120%-ына дейін кезең-кезеңімен арттырылуда.
Мәселен, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі базалық зейнетақы 32 360 теңгені, ең жоғарғысы – 50 851 теңгені құрады.
Айта кетейік, 2018 жылдан бері базалық зейнетақы әр зейнеткердің еңбек өтіліне қарай есептеледі. Егер өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы төленеді. Әр қосылған жыл үшін бұл көрсеткіш 2%-ға өседі. 30 жыл еңбек өтілі бар азаматтарға ең жоғары деңгей — күнкөріс минимумының 110%-ы беріледі.
Сондықтан міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып отыру болашақ зейнетақының көлеміне тікелей әсер етеді.