KZ
Өскемен
-10°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

Өскеменде волейболдан қыздар арасындағы Қазақстан Кубогының жеңімпаздары анықталды

29.12.2025, 09:00 424 Айна Бакимбаева

Өскемен қаласында волейболдан қыздар командалары арасындағы республикалық Кубок өз мәресіне жетіп, ел чемпионатының тағы бір айтулы жеңімпазы анықталды. 21–29 желтоқсан аралығында облыс орталығында Қажымұқан атындағы жекпе-жек сарайында өткен ала доп додасына Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген сегіз команда қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Республикалық Кубок аясында Талдықорғанның «Жетісу», Петропавлдың «QUANYSH», Түркістанның «Тұран», «AQTOBE», «Қарағанды», «Алматы», қызыордалық «Қайсар» және Шығыс Қазақстанның «BEREL» өзара бәсекеге түсті. 

Турнир басынан-ақ ойын тартысты әрі күтпеген нәтижелерге толы болды. Тіпті тәжірибелі спорт мамандарының өзі жарыстың немен аяқталатынын дәл болжай алмады. Жартылай финалда Түркістан облысының «Тұран» командасы ел чемпионатының үздіктерінің бірі саналатын BEREL-ді жеңіп, үлкен сенсация жасаған еді. Ал финалдық кездесуде «Тұран» Солтүстік Қазақстан облысының мықты ұжымы – «QUANYSH» командасын қапы қалдырып, республикалық Кубоктың жеңімпазы атанды.

Жарыс қорытындысы бойынша:

1-орын — «Тұран»

2-орын — «QUANYSH»

Жүлделі үшінші орын үшін «Жетісу» мен «BEREL» командалары арасындағы ойын өте тартысты өтті. Жерлестеріміз бұл жолы жеңісті жетісулықтарға беріп, төртінші орынды қанағат тұтты. Үшінші орынның тұғырына “Жетісу» командасы көтерілді. 

Волейболдан қыздар арасындағы Республикалық Кубоктың жеңімпаздарын ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтады. 

– Бүгін еліміздің үздік командалары қатысқан маңызды жарыс жоғары деңгейде өтті. Барлық спортшыларға, бапкерлерге және жанкүйерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Командалар жоғары шеберлік көрсетіп, ойындар әділ әрі тартысты болды. Бапкерлерге кәсіби дайындығы, төрешілерге әділдігі, ұйымдастырушылар мен жанкүйерлерге қолдауы үшін рахмет. Бұл жарыс әйелдер волейболының дамуына және салауатты ұлт қалыптастыруға зор үлес қосты, - деді Нұрымбет Сақтағанов. 

Жеңімпаздарды ұлықтау салтанатында жарыстың үздік ойыншылары да анықталып, сыйлықтармен марапатталды. 

– Бұл ойында күрделілік те, команданың ішіндегі достық та айқын сезілді. Ойын өте тартысты өтті. Күш-жігер мен табандылықтың арқасында Қазақстан кубогының чемпионы атандық. Мен өз командамдағы қыздарға және бапкерлер штабына сіңірген еңбектері үшін шын жүректен алғыс айтамын, – дейді бірінші маусымдағы ойының өткізген “Тұран” командасының ойыншысы Andjelka Novosel.

Турнирдің жоғары деңгейде өткенін және нәтижелердің тосын болғанын спорт мамандары да атап өтті. Республикалық жарыстың қорытындысына қатысты Кубоктың бас төрешісі Александр Кувшинов өз пікірін білдірді.

— Волейболдан Қазақстан Республикасы Кубогының финалдық матчы енді ғана аяқталды. Көптеген мамандар бұл жарыста фаворит ретінде «Жетісу», «QUANYSH» немесе «BEREL» командаларының бірін атаған болатын. Себебі бұл Кубок – елдегі ең беделді жарыстардың бірі. Алайда жартылай финалда «Тұранның» Өскеменде «BEREL» командасын жеңуі үлкен сенсация болды. Ал бүгін финалда «Тұран» Қазақстан әйелдер волейболындағы көшбасшы командалардың бірі — Солтүстік Қазақстан облысының «QUANYSH» ұжымын тартысты ойында басып озды. «Тұран» бұл турнирде өзін ең жақсы қырынан көрсетті. Командада тәжірибелі ойыншылар мен білікті бапкер бар. Бұл Кубок тағы бір мәрте алдын ала болжам жасаудың пайдасыз екенін көрсетті. Біз чемпион атанған «Тұран» командасына алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз, — деді ол.

«Тұран» командасының жаттықтырушы-аналитигі, волейболдан халықаралық дәрежедегі төреші Қуатбек Айдарбеков ойынға қатысты ойын ортаға салды.

— «Тұран» спорт ойындары клубы жақында ғана, 2022 жылы құрылған. Соған қарамастан, 2023–2024 жылғы маусымда Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, бүгін республикалық Кубокты иеленіп отырмыз. Бұл — соңғы үш-төрт жылдың ішіндегі жүйелі жұмыстың нәтижесі. Ең алдымен клуб басшылығына, алаңда бар күшін салған қыздарға, оларды дайындаған бапкерлерге алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ, осы жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырған Өскемен қаласының әкімдігіне, Шығыс Қазақстан облысының басшылығына, спорт басқармасына ерекше ризашылығымды білдіремін. Мұндай жарыстарды өткізу үшін барлық жағдай жасалған, зал толық дайындалған, — деді Қуатбек Айдарбеков.

«Жетісу» волейбол клубының бас жаттықтырушысы “BEREL» командасының өте мықты, қауіпті команда болғанын айтты. 

– Өздеріңіз білесіздер, олардың ойыншыларының бірі ұлттық құрамада да ойнаған. Сондықтан бүгінгі ойын біз үшін оңай болған жоқ. Ең алдымен айтарым, ойынның күрделі болуының себебі, кеше біз жартылай финалда жеңіліп қалдық. Соған қарамастан, мен өз командамды шын жүректен құттықтағым келеді. Олар кеше болған жеңілістен кейін тез ес жинап, қайта көтерілді. Мен команданың ойынына өте ризамын. Әрине, біз бұл турнирде трофейді ұтып алғымыз келді, бірақ кеше жартылай финалда жеңіліп қалдық. Сондықтан бүгінгі нәтиже — қола медаль. Осы жетістікпен өз командамды тағы да құттықтаймын. Сондай-ақ бүгін жақсы ойын көрсеткен «BEREL» командасын да құттықтаймын, - деді Марко Гршич. 

Республикалық Кубокты ұйымдастыруға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, Қазақстан волейбол федерациясы, Шығыс Қазақстан облыстық волейбол федерациясы, сондай-ақ «BEREL» волейбол клубы атсалысты.

Өскеменде өткен бұл дода әйелдер волейболының дамуына серпін беріп қана қоймай, аймақтың ірі спорттық жарыстарды жоғары деңгейде қабылдай алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал күтпеген нәтижелерге толы турнир республикалық волейболдың бәсекелестік деңгейі жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетті.


Фото: Артем Жигулин 

Видео: Жәнібек Ырысбай 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу