Биыл іске қосылған «Ұстаз» ұлттық платформасы арқылы 93,1 мың педагог аттестаттаудан өтті
2025 жылы республика көлемінде алғаш рет «Ұстаз» педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасы іске қосылды. Бұл жоба педагогтерді аттестаттау үдерісін толық цифрландыруға бағытталған маңызды қадам болды. Жыл ішінде аталған платформа арқылы 93,1 мың педагог біліктілік санаттарына өту үшін өтініш берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Платформада мұғалімдерге қатысты барлық негізгі мәліметтер бірнеше мемлекеттік дерекқордан автоматты түрде жинақталады. Атап айтқанда, қызмет орны, еңбек өтілі, білім деңгейі мен кәсіби жетістіктері бір жүйеге біріктіріліп, қағаз түріндегі құжат айналымы толықтай жойылды. Бұл аттестаттау рәсімінің әділ, ашық әрі объективті өтуіне мүмкіндік беріп, адами фактордың ықпалын барынша азайтты.
2025 жылы автоматтандырылған жүйе арқылы «педагог-модератор» және «педагог-сарапшы» біліктілік санаттары бойынша аттестаттау жүргізілді.
Қазіргі уақытта орта білім беру жүйесінде 104 999 – «педагог», 126 688 – «педагог-модератор», 95 438 – «педагог-сарапшы», 82 632 – «педагог-зерттеуші», 2 973 – «педагог-шебер» еңбек етеді.
Өткен жылмен салыстырғанда «педагог-модератор» санатындағы мұғалімдердің үлесі 7 пайызға, «педагог-сарапшы» – 2 пайызға, ал «педагог-зерттеуші» санаты 1 пайызға артқан.
Айта кетейік, «Ұстаз» ұлттық платформасы педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын қолдауға, басқарушылық шешімдерді деректерге негіздеуге және жалпы білім беру сапасын арттыруға бағытталған заманауи цифрлық құрал болып табылады.