ШҚО-да 300-ге жуық оқушы полиция мамандығымен танысты
Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданына қарасты Мәдениет үйінде мектеп оқушыларына арналған мамандыққа бағдар беру іс-шарасы өтті. Кездесу барысында оқушылар облыстық полиция департаментінің және Ішкі істер министрлігінің өкілдерімен жүздесіп, құқық қорғау саласындағы қызметтің ерекшеліктері туралы кең көлемде ақпарат алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ішкі істер органдарында қызмет етуді болашақ мамандық ретінде қарастырып жүрген 300-ге жуық оқушы қатысты. Кездесу барысында ҚР ІІМ өкілі Қанат Сикебаев министрлік жүйесіндегі заманауи өзгерістер, полиция қызметінің жаңа бағыттары, цифрландыру үдерісі және кадр даярлау мәселелері жөнінде баяндама жасап, оқушылардың қойған сұрақтарына жан-жақты жауап берді.
Сонымен қатар ШҚО Полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқарма бастығы, полиция полковнигі Марат Баяндинов оқушыларға Ішкі істер министрлігінің оқу орындарына қабылдау талаптары, оқуға түсу тәртібі, білім алу кезеңіндегі жағдайлар, әлеуметтік кепілдіктер, сондай-ақ қызметтік өсу мен мансаптық мүмкіндіктер туралы кеңінен түсіндірді. Ол полиция қызметінің жауапкершілігі жоғары әрі қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушыларға арнайы дайындалған бейнематериалдар көрсетіліп, болашақ полиция қызметкерінің күнделікті жұмысы мен қызметтік міндеттері көрнекі түрде таныстырылды. Сонымен қатар интерактивті көрме ұйымдастырылып, онда полиция мұражайының экспонаттары, арнайы құрал-жабдықтар, қызметтік қару-жарақ пен заманауи техника ұсынылды.
Кездесу аясында кинолог маманы қызметтік иттің жұмысын көрсетіп, оның құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қылмыстарды ашудағы рөлі туралы баяндады. Сондай-ақ криминалистер өз қызметінің қыр-сырын таныстырып, арнайы құралдарды қалай қолданатынын көрсетті. Бұл оқушылардың қызығушылығын арттырып, полиция қызметінің көпқырлы екенін айқын көрсетті.
Бұдан бөлек, оқушылар арасында танымдық викторина ұйымдастырылып, қатысушылар белсенділік танытты. Белсенді қатысқан оқушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Аталған кездесу жасөспірімдерге полиция қызметімен жақын танысуға, құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттыруға және болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар жастар арасында патриоттық рухты қалыптастырып, заң мен тәртіпке құрмет сезімін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.