Биыл мүгедектігі бар азаматтар мен асыраушысынан айырылғандарға 681 млрд теңге жәрдемақы төленді
Жыл басынан бері елімізде мүгедектігі бар азаматтарға және асыраушысынан айырылған отбасыларға мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетудің көлемі айтарлықтай өсті. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша мемлекет республикалық бюджеттен 599 млрд теңге, ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) шамамен 82,5 млрд теңге көлемінде әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды қамтамасыз етті. Нәтижесінде, жыл ішінде жалпы сомасы 681 млрд теңгеден астам қаржы тиісті азаматтарға қолжетімді болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды (МӘЖ) алушылар саны – шамамен 543,1 мың адам, ал асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлем алушылар – 187 мың адам. Төлемдердің мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, қайтыс болған асыраушының саны мен жағдайына, сондай-ақ ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты анықталады.
Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ арқылы әлеуметтік төлемдер де жүзеге асырылады. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы деректерге сәйкес, 100,4 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша, ал 67,9 мың отбасы асыраушысынан айырылу бойынша төлем алды. Бұл төлемдердің мөлшері жеке көрсеткіштерге – соңғы 2 жылдағы МӘСҚ аударымдары, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен табыс деңгейіне байланысты есептеледі.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘЖ мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5%-ға артты. Сол сияқты МӘСҚ төлемдерінің мөлшері де 6,5%-ға көбейтілді. Мысалы, мүгедектігі бойынша 1-топқа арналған МӘЖ 101 702 теңге, 2-топ – 81 362 теңге, 3-топ – 55 474 теңге мөлшерінде белгіленді. Еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемнің орташа көлемі – 71 985 теңге, ал асыраушысынан айырылу бойынша – 73 987 теңге.
Мемлекет әлеуметтік қолдауды күшейту арқылы мүгедектігі бар азаматтар мен қиын жағдайда қалған отбасылардың күнделікті өмірін жақсартуға, олардың тұрмыс сапасын көтеруге және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Осы жылдың нәтижесінде төлемдер көлемі мен жәрдемақылардың қолжетімділігі айтарлықтай артты, бұл еліміздегі әлеуметтік саясаттың тиімділігін көрсетеді.
Қазақстандықтар үшін бұл – мемлекет тарапынан берілетін нақты қолдау мен кепілдік. Алдағы уақытта да әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардың мөлшері қоғамдағы әлеуметтік осал топтарды қорғау мақсатында тұрақты түрде қайта қаралып, қажетті деңгейде сақталатын болады.