KZ
Өскемен
-12°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, С
501.79 595.07 6.56

Қазақстандықтарға 555 миллиард теңгеден астам әлеуметтік төлем төленді

17.10.2025, 15:00 182 Ержан Әбіш

Жыл басынан бері Қазақстанда мүгедектігі мен асыраушысынан айырылған азаматтарға арналған әлеуметтік қолдау шараларына 555 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталды. Оның ішінде республикалық бюджеттен мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға (МӘЖ) 488,5 миллиард теңге, ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу бойынша 66,8 миллиард теңге төленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2025 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, мүгедектігі бойынша жәрдемақы алушылар саны 544 мың адамды, ал асыраушысынан айырылу жәрдемақысын алушылар 155,9 мың адамды құрады.

Мүгедектігі бойынша жәрдемақының мөлшері мүгедектік тобы мен себебіне және тиісті қаржы жылына арналған ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты есептеледі. Ал асыраушысынан айырылу жағдайындағы жәрдемақылар қайтыс болған адамның асырауындағы адамдар саны мен өлім себебіне қарай тағайындалады.

Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер кезінде МӘСҚ есебінен төлемдер жүргізіледі.

Мәселен, 98 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша, ал 66,5 мың отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.
Бұл төлемдердің көлемі азаматтың соңғы екі жылдағы орташа айлық табысына, әлеуметтік аударымдар мөлшеріне, еңбек өтілі мен асырауындағы адамдар санына байланысты есептеледі. Айта кету керек, бұл төлемдер республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақыларға қосымша ретінде жүзеге асырылады.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуіне байланысты мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің көлемі 6,5%-ға артты. Үкімет шешімімен МӘСҚ-дан төленетін еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу бойынша төлемдер де дәл осы мөлшерде ұлғайтылды.

Мысалы, биыл жалпы ауруға байланысты мүгедектігі бойынша жәрдемақы: 1-топ үшін – 101 702 теңге, 2-топ үшін – 81 362 теңге, 3-топ үшін – 55 474 теңге.

2025 жылғы 1 қазанға дейінгі мәлімет бойынша, еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 72 087 теңгені, ал асыраушысынан айырылу бойынша төлемдер 75 064 теңгені құрады.

Бұл деректер елімізде әлеуметтік қолдаудың жүйелі түрде жүргізіліп, азаматтардың әл-ауқатын қорғауға бағытталған шаралардың қарқынды түрде жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу