KZ
Өскемен
-12°
пасмурно Штиль
515.02 604.22 6.5

Қазақстандық оқушылар қысқы демалыста 10 күн демалады

Кеше, 14:45 98 Төлеуғазы Жансая

Қазақстандық оқушылар үшін екінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Осыған байланысты еліміздегі мектеп оқушылары қысқы каникулға шығады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қысқы демалыс 2025 жылғы 29 желтоқсаннан 2026 жылғы 7 қаңтарға дейін, қоса алғанда 10 күнге созылады, деп Altainews.kz тілшісі. 

Қысқы демалыс кезеңі – оқушылардың оқу барысындағы жинақталған шаршауын басып, бос уақытын пайдалы әрі мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беретін маңызды кезең. Осы мақсатта демалыс уақытында балалардың жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінбек. Бұл жұмыстар «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

Бағдарлама шеңберінде оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған түрлі іс-шаралар ұсынылады. Атап айтқанда, балаларға бос уақытында кітап оқуға, музейлерге, көрме залдарына, ғылыми орталықтар мен тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсияларға баруға кеңес беріледі. Сонымен қатар спорттық ойындарға қатысу, коньки тебу, шаңғы тебу секілді қысқы спорт түрлерімен айналысу, қайырымдылық акциялары мен қоғамдық іс-шараларға атсалысу да маңызды бағыттардың бірі болып отыр.

Қысқы демалыс кезінде мектептерде және қосымша білім беру ұйымдарында білім беру, мәдени, спорттық және шығармашылық бағыттағы іс-шаралар ұйымдастыру ұсынылады. Бұл балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып қана қоймай, олардың тұлғалық қасиеттерін дамытуға, ұжыммен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда болмақ. Осы орайда ата-аналармен бірлесе отырып, жол-көлік жарақаттарының алдын алу, мектептің ішкі тәртібін сақтау, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігі атап өтіледі.

Айта кетейік, аталған ұсыныстар мен іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады. Қысқы демалысты мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру – балалардың денсаулығы мен дамуына оң әсер ететін маңызды қадам.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу