Ұлыбританияда туған қазақстандық сәби елге оралды
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Ұлыбританияда дүниеге келген бір жасар қазақстандық қыз баланың Қазақстанға аман-есен қайтарылғанын айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған жағдай шұғыл әрі кешенді шараларды талап етті. Себебі Ұлыбританияның құзырлы органдары баланы британдық отбасыға асырап беру мүмкіндігін қарастырып жатқан болатын. Осыған байланысты қазақстандық тарап баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында жедел әрекетке көшті.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, кішкентай отандасымыздың елге оралуы – мемлекеттік органдардың үйлесімді әрі жедел іс-қимылының нәтижесі.
Сонымен қатар, елге қайтару шаралары аясында балаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлік рәсімделді. Қазіргі таңда сәби туыстарының қамқорлығында, қауіпсіз әрі қолайлы отбасылық ортада тәрбиеленіп жатыр.