ШҚО ТЖД балаларға арналған қауіпсіздік сабақтарын жаңаша форматта өткізуде
Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты департаменттердің қызметкерлері халық арасында, әсіресе балалар мен жастардың бойында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмысты жүйелі түрде жалғастырып келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл бағытта дәстүрлі түсіндіру шараларымен қатар заманауи, креативті әрі интерактивті оқыту форматтары кеңінен қолданылуда. Мұндай тәсілдер қауіпсіздік ережелерін қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізуге, сондай-ақ жасөспірімдердің қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары қауіпсіздік тақырыбын сахналық қойылым арқылы жеткізуді қолға алды. Өскемен қаласында өткен іс-шара барысында оқушылар өрт қауіпсіздігі бойынша алған білімдерін театрландырылған қойылым арқылы бекітті. Аталған спектакль ТЖД қызметкерлері бұған дейін әзірлеген аттас мультфильмнің желісі негізінде сахналанды.
Қойылымға мектептегі театр студиясының тәрбиеленушілері қатысып, көрермен алдына актер ретінде шықты. Спектакльде «Аюлар» отбасының оқиғасы мысалға алынып, балаларға тұрмыста жиі кездесетін қауіпті жағдайлар көрнекі түрде көрсетілді. Атап айтқанда, сіріңкемен ойнаудың, қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың және үлкендердің ескертуін елемеудің қандай ауыр салдарға әкелуі мүмкін екені әсерлі сахналар арқылы түсіндірілді. Бұл балаларға ой салып, өрттің алдын алуда жауапкершіліктің маңызын ұғындыруға бағытталды.
Театрландырылған форматтағы мұндай сабақтар оқушылардың ақпаратты жақсы қабылдауына, оны есте сақтап, күнделікті өмірде қолдануына ықпал етеді. Сонымен қатар бұл тәсіл балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға да мүмкіндік береді.
Осындай бастамалар профилактикалық және оқыту жұмыстарының тек пайдалы ғана емес, қызықты әрі тартымды бола алатынын көрсетеді. Ең бастысы, бұл шаралар азаматтардың, әсіресе жас ұрпақтың өмірі мен денсаулығын сақтауға, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. ТЖМ алдағы уақытта да қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға арналған осындай креативті жобаларды жалғастыра бермек.