«Туған жер – алтын бесігім»: ұлт жадын жаңғыртқан жоба
«Туған жер – алтын бесігім!» жобасы жыл өткен сайын ауқымын кеңейтіп, мазмұнын байытып келеді. Бұл бастама бүгінде тек сахнамен немесе бір күндік жәрмеңкемен шектелмейтін, ауыл мен қаланы, өнер мен еңбекті, дәстүр мен заманауи өмірді тоғыстырған кең тынысты қоғамдық құбылысқа айналды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Егер бұған дейін аудан өнерпаздары облыстық филармония залында ғана өнер көрсетіп, жәрмеңкелер белгілі бір орында өткізілсе, бүгін бұл жоба қаланың қақ ортасына, халық ең көп шоғырланған кеңістіктерге жол тартты. Maxi Mall, ADK секілді сауда орталықтарында ұлттық киім киіп, түлкі ішік жамылған батыр бейнелі өнерпаздардың шеруі өскемендіктерге ерекше әсер сыйлады. Сауда үйіне шаруамен келген жұрт аяқ астынан ән мен жырға, күй мен термеге тап болып, рухани азық алды. Бұл – жобаның басты жетістігі: өнерді халықтың өзіне алып келуі.
Жаймашуақ қыркүйекте басталған жоба желтоқсанның ызғарлы күндеріне дейін жалғасып, ауыл мен қаланың арасындағы байланысты одан әрі бекемдей түсті. Ауылдың дәмін сағынған қала тұрғындары үшін аудандардан келген шаруалар өз өнімдерін «Altay» көтерме-тарату орталығында, Дос-Нар сауда орталығында, ЖМК шағын ауданында және басқа да көптеген алаңдарда ұсынды.
Бұл жәрмеңкелер сауда ғана емес, қазақы қонақжайлықтың көрінісіне айналды. Қара күздің суығында тоңған жұртты қарсы алу үшін тігілген киіз үйлер, жайылған ақ дастархан, ыстық палау мен шай, құрт-май мен бауырсақ – мұның бәрі ауылдың дархан мінезін, кең пейілін аңғартты. Ақ қар, көк мұзда таңғы төрттен жолға шығып, қала тұрғындарын сапалы өніммен әрі өнерімен қуантуды мақсат еткен ауыл еңбеккерлерінің жанкешті тірлігі зор құрмет пен қошеметке лайық.
Жобаның тағы бір маңызды қыры – әлеуметтік жауапкершілік пен мейірім. Креативті аудандардың өкілдері қайырымдылық шараларын да назардан тыс қалдырған жоқ. Балалар үйіне барып, ет, жеміс-жидек, тәттілер таратып, ауылдың ыстық сәлемін жеткізді. Бұл – «Туған жер – алтын бесігім!» тек мәдени жоба емес, адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін үлкен платформа екенін дәлелдейді
Жобаның қорытынды гала-концертінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маңызын ерекше атап өтті. Өңір басшысы әр сенбі сайын ұйымдастырылған жәрмеңкелер қала тұрғындары үшін нақты қолдау болғанын айтты.
Соңғы жылдары бұл жоба аудандардағы өнердің де жаңа тынысын ашты. Ұлттық аспаптар оркестрлері көбейіп, шығармашылық ұжымдар тек Өскеменде ғана емес, ауыл-аймақтарда да өнер көрсетіп жүр. Ең бастысы – жас ұрпақтың өнерге бет бұруына жол ашылды.
Шын мәнінде, «Туған жер – алтын бесігім» – уақытша науқан емес, қоғамға қажет, тамыры терең, өміршең жоба. Ол ауылдың әлеуетін танытып қана қоймай, қала тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандырып отыр. Өнер мен еңбекті, бірлік пен бауырмалдықты ұлықтаған бұл бастама өңірдің мәдени брендіне айналуға әбден лайық.
Осылайша, «Туған жер – алтын бесігім!» өнер мен бірліктің, ауыл мен қаланың, дәстүр мен заманауи мәдениеттің алтын көпірі болды. Аймақ басшысы атап өткендей, көпшіліктің көзайымына айналған бұл жоба келер жылы да жалғасын табады. Демек, Шығыстың сахнасында тағы да ән әуелеп, күй төгіліп, туған жерге деген сағыныш пен сүйіспеншілік жаңғыра бермек.