KZ
Өскемен
-8°
небольшой снег жел 5 м/с, З
509.84 595.75 6.47

Өнер мен ел рухы тоғысқан ерекше мереке

25.11.2025, 20:07 204 Базарова Айгүл

2025 жылғы қараша айының 28-29 күндері Өскемен қаласында облыстық «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Тарбағатай ауданының мәдени күндері өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл шараның негізгі мақсаты – Тарбағатай өңірінің мәдени, тарихи және әлеуметтік жетістіктерін таныстыру, ауылдық аймақтардың экономикалық және еңбек әлеуетін арттыру, жас мамандар мен кәсіпкерлерді туған жердің дамуына тарту, өнер, кәсіп және дәстүрлі мәдениетті бір арнаға тоғыстыру.

Іс-шара бағдарламасына сәйкес, 28 қараша күні сағат 10.00-де С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің бас корпусында жоғары және арнаулы оқу орындарының жоғарғы курс студенттерімен «Ауылға бағыт: жас мамандар жәрмеңкесі» бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді. 

Сол күні сағат 15.00-19.00 аралығында Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының кіреберіс залында «Дәстүр мен даму: Тарбағатай өрнегі» атты көрмесі келушілерді қарсы алады. 

Көрме барысында көрермендер назарына Тарбағатай ауданының тарихы мен әлеуметтік-экономикалық жетістіктері, рухани мұралары мен туған жердің келбеті туралы бейнеролик ұсынылады. Бейнематериалда өңірдің мәдени келбеті мен заманауи дамуы кеңінен қамтылған. 

Көрме табиғи өнімдер мен ұлттық мәдениеттің, заманауи өнер мен кәсіптің тоғысқан алаңы ретінде тарту етіледі. Көрме қонақтары Тарбағатай шеберлерінің қолөнер туындыларын, ұлттық тағамдар дәстүрінің керемет көріністерін тамашалап, этно-киімдермен безендірілген фотоаймақтарда естелік суретке түсе алады. 

Сондай-ақ, «Tagbent» компаниясының табиғи өнімдері мен жергілікті кәсіпкерлердің бұйымдары таныстырылады.

Ал шығармашылық алаңда суретшілер «Art Battle» жарысында туған жердің көркем келбетін қылқаламмен бейнелейді. 

Кешкі сағат 18.00-де Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының бас сахнасында Тарбағатай ауданы өнер шеберлерінің Гала концерті өтеді.

29 қараша күні сағат 7.00-ден бастап «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығы аумағында Тарбағатай ауданы азық-түлік және мал өнімдерінің жәрмеңкесі, сағат 9.00- де осы аумақтағы сахнада «Дала дәмі-ел несібесі» концерті мен ұлттық спорт ойындары өтеді. 

Сол күні сағат 9.00-де Өскемен қаласындағы 46 мектептің спорт залында волейболдан «Тарбағатай лигасы» спорттық іс-шарасы ұйымдастырылады.

Ал сағат 11.00-де «Maxi mall» сауда ойын-сауық орталығында бейнелеу өнерінен түрлі шеберлік сабақтары (мастер-класс) өткізіліп, Тарбағатай ауданы өнерпаздарының концерті болады.

Бұл мәдени күндер – Тарбағатайдың бүгінгі жетістігі мен болашағын, еңбек пен өнердің үйлесімін, жерлестер арасындағы рухани байланысты айшықтайтын ауқымды жоба болмақ. 

Жоба шеңберінде ұйымдастырылатын концерттер мен көрмелер аудан өнерпаздарының шеберлігін паш етіп, жастардың туған өлкеге деген қызығушылығын арттыруға бағытталады.


Айжанат Бақытқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу